Алматы қалалық тергеу соты қызметіне тыйым салынған "Көше партиясының" жұмысына араласты деп айыпталған белсенділер Абай Бегімбетов пен Асхат Жексебаевтың қамаудағы уақытын бір айға созды. Бұл туралы Азаттыққа олардың адвокаты Ғалым Нұрпейісов хабарлады.
23 тамызда тергеу соты белсенділерді қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін екі айға қамау туралы қаулы қабылдаған.
Адвокаттың сөзінше, 14 қазандағы сотта прокурор тергеуші өтінішін қолдап, тергеуге әлі де уақыт керегін айтқан. Тергеу тарабы тәркіленген телефондар мен компьютерлерді тексеруге, "Экстремистік топ құру, басқару не жұмысына араласу" бабы бойынша қозғалған қылмыстық істі зерттеуге уақыт керек деп санайды. Қорғаушының қарсылығын сот ескермеді.
7 қыркүйекте Алматының апелляциялық соты Бегімбетов пен Жексебаевты қамауда қалдырған.
47 жастағы Жексебаев биыл наразылық шараларынан кейін бес рет әкімшілік қамауға алынған. Билік оның бейбіт шараларын заңсыз деп тапқан.
Наразылық шараларымен көзге түсіп жүрген 47 жастағы Бегімбетов 18 маусымда Алматыдағы "Субботаж" шеруіне қатысты деген айыппен айыппұл алған.
Биыл мамырда Нұр-Сұлтандағы сот бас прокуратураның шағымынан соң "Көше партиясын" "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Бас прокуратура бұл қозғалысты елде жұмысына шектеу қойылған "Қазақстанның демократиялық партиясы" (ҚДТ) қозғалысына қатысы бар деп санаған.
Қазақстан билігі 2018 жылы ҚДТ қозғалысын экстремистік ұйым деп танып, елдегі қызметіне тыйым салған еді. Бұл ұйымды шетелде тұратын экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған.
Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
ҚДТ мен "Көше партиясын" экстремистік ұйым деп таныған сот шешімі жарияланған жоқ. Екі қозғалыстың да жақтастары елде жиі қудаланады.
ПІКІРЛЕР