Accessibility links

Щучинскіде жеңіл автомобиль полиция көлігін соғып, екі инспектор қаза тапты


Щуцинск қаласында Lexus NX20 автомобилі Lada-21214 көлігін соғып, екі полицей қаза тапты. Ақмола облысы, 15 қазан, 2020 жыл.
Щуцинск қаласында Lexus NX20 автомобилі Lada-21214 көлігін соғып, екі полицей қаза тапты. Ақмола облысы, 15 қазан, 2020 жыл.

15 қазан күні Ақмола облысы Щучинск қаласында көлік апатынан екі учаскелік инспектор қаза тапты. Бұл туралы Қазақстан ішкі істер министрлігінің медиа-порталы Polisia.kz хабарлады.

Порталдың хабарлауынша, апат Щуцинск қаласындағы Абылайхан және Сейфуллин көшелерінің қиылысында болған. Абылайхан көшесімен келе жатқан Lexus NX20 Сейфуллин көшесімен келе жатқан Lada-21214 көлігін соққан. Lada – Бурабай ауданы полиция бөлімі учаскелік қызметінің көлігі болған.

"Lada-21214 қызметтік көлігінің жүргізушісі және жолаушысы – Бурабай аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторлары. Олар жол-көлік оқиғасы орнында алған жарақаттан көз жұмды. Қаза тапқан қызметкерлер жұмыс үстінде болған және жол-көлік оқиғасы болған кезде оқиға орнынан қайтып келе жатқан" делінген ІІМ баспасөз мәлімдемесінде.

Polisia.kz порталы оқиғаның видеосын да жариялады. Онда Lexus көлігінің көше қиылысына кірген Lada көлігін жоғары жылдамдықпен соққаны көрінеді.

Полицияның дерегінше, Lexus көлігінің 25 жастағы жүргізушісі мұның алдында қылмыстық кодекстің 200 (автокөлікті ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену) және 346 (көлікті басқару құқығынан айырылған және масаң күйде көлікті басқару, сондай адамға көлік беру) баптары бойынша кінәлі деп танылып, 2022 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырылған.

Баспасөз хабарламасына сәйкес, оқиға бойынша тергеу басталған. Күдікті қамауға алынған. Тергеу қылмыстық кодекстің 345-бабы, 4-тармақшасы бойынша (жол жүру ережесін бұзып, абайсызда кісі өліміне әкелу) жүріп жатыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кейінгі дерегі бойынша, Қазақстанда 100 мың адамға 17,6 жол-көлік апаты өлімі келеді. Ал Еуроодақтың статистикалық қызметі Қазақстанды жол-көлік оқиғалары жиі болатын бес мемлекеттің қатарына қосады.

Көлік оқиғалары кезінде жол ережесінің сақталуын қадағалайтын полиция қызметкерлерінің өзі де қаза тауып жатады. Биыл мамыр айында Алматы қаласында жеңіл автомобиль патруль көлігін соғып, екі полицей қаза тапты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG