Accessibility links

Песков Жээнбековтің отставкасына байланысты пікірін айтты


Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.
Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековтің отставкаға кетуіне байланысты пікірін айтты. Оның пікірін ресейлік РБК сайты жариялады.

"Кремль Жээнбековтің биліктен бас тартуын жауапты әрекет деп санай ма әлде әлсіздік деп біле ме?" деген сұраққа Песков:

"Отставкаға кететінін мәлімдеген Сооронбай Жээнбековтің әрекетін тек эмоциялық критерийлерге сүйене отырып бағалау мүмкін емес. Тұрақтылыққа жетелейтін және конституциялық арнаға бұратын кез келген әрекет көмектеседі" деп жауап берген.

Оның сөзіне қарағанда Мәскеу жағдай тез арада қалпына келеді деп үміттенеді. Песков Кремльдің Қырғызстанмен диалог орнату мәселесі туралы сұраққа кесімді түрде жауап бермеген.

Осыған дейін РБК сайты дереккөзге сүйене отырып, Ресей Қырғызстанда саяси жағдай тұрақталғанға дейін қаржылай көмектің бәрін тоқтатты деп хабарлаған еді.

15 қазанда Сооронбай Жээнбеков президент қызметінен кеткен. Отставкаға кету туралы мәлімдемесінде ол елде қоғамдық-саяси жағдай әлі ушығып тұр, агрессия басылған жоқ, ал отставкаға кету туралы талаптар тыйылған жоқ деп мәлімдеген. Ол Қырғызстан тарихында өз халқына оқ атқан президент ретінде қалғысы келмейтінін айтып, отставкаға кету туралы шешім қабылдағанын жеткізген.

Ал Бішкектегі "Ыстықкөл" қонақүйінің алдында митинг өткізіп тұрғандар талаптарын "жаңартып", Жогорку Кеңеш пен 13 қазанда спикер ретінде сайланған Канатбек Исаевтың отставкаға кетуін талап еткен.

Бішкекте 5 қазаннан бері наразылық акциясы тоқтаған жоқ. "Ақ үйді" басып алып, Садыр Жапаровты қамаудан шығарғаннан кейін жастастары оны премьер-министр ретінде тағайындауды талап еткен. 14 қазанда парламент Садыр Жапаров жетекшілігіндегі үкімет құрамын мақұлдап, кейінірек президент бекіткен. Бұдан соң Жээнбеков парламент сайлауы өткеннен кейін отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеген. Алайда Жапаров жақтастары оның дереу отставкасын талап еткен еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG