Accessibility links

"Елдің алдында жүзім жарық". Қырғыз парламенті Жээнбековтің отставкасын қабылдады


Жогорку кеңеш Жээнбековті қалай шығарып салды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:36 0:00

Жогорку кеңеш Жээнбековті қалай шығарып салды?

16 қазанда Қырғызстан парламенті Сооронбай Жээнбековтің отставкаға кету туралы өтінішін қабылдады.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, жұма күні Жогорку Кеңештің кезектен тыс отырысы кезінде депутаттар алдында сөйлеген Жээнбеков 6 қазандағы оқиғадан кейін елді құқықтық аяға әкелуге және ел тыныштығын сақтауға күш салғанын атап өткен.

Ол өз сөзінде азаматтық қоғам мен халыққа қолдағаны үшін алғыс айтқан. Оқиғаға бейжай қарамағаны үшін Ресей, Қазақстан, АҚШ, Ұлыбаритания, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуроодаққа ризашылығын білдірген. Елдің бірлігі, әр адамның өмірі қызмет орнынан қымбат екенін атап өткен.

"Құдай алдында және елдің алдында жүзім жарық" деді Жээнбеков.

Спикер Канатбек Исаев жұма күнгі отырыс кезінде "Жээнбековте заң бойынша бұрынғы президентке берілген барлық артықшылық" болуы тиіс, ол елдің дамуына үлкен үлес қосты" деп мәлімдеген. "Ата Мекен" партиясының жетекшісі Омурбек Текебаев қырғызстандықтарды оны қорламауға шақырып, "Жээнбеков тарих алдында, заң алдында өзі үшін жауап береді" деген.

Бұған дейін парламент спикері Канатбек Исаев президент міндетін уақытша атқарудан бас тартып, премьер-министр Садыр Жапаров президент өкілетінің өзіне өткенін хабарлаған еді.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, жұма күні Жогорку Кеңеші оған президент өкілетін тапсыру мәселесін қарай бастаған. Жогорку Кеңеш депутаттары түрлі пікір білдірген. Омурбек Текебаев премьер-министр Садыр Жапаровты айналасындағы адамдардың президент сайлауына қатысуына жол бермеуге шақырған.

15 қазанда президент Сооронбай Жээнбеков президент қызметінен кеткен. Отставкаға кету туралы мәлімдемесінде ол елде қоғамдық-саяси жағдай әлі ушығып тұр, агрессия басылған жоқ, ал отставкаға кету туралы талаптар тыйылған жоқ деп мәлімдеген. Ол Қырғызстан тарихында өз халқына оқ атқан президент ретінде қалғысы келмейтінін айтып, отставкаға кету туралы шешім қабылдаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG