Accessibility links

Қарағанды облысында санитарлық пост қайта қойылады


19 қазанға ауған түні Қарағанды облысының шекарасына санитарлық постар оралады. Бұл туралы Қарағандыда өткен брифингте жергілікті билік хабарлады. Әкімдік бұл шараны көрші облыстарда вирус жұқтырғандардың көбейгенімен түсіндіреді.

Бұдан бөлек 65 жастан асқан адамдардың көшеге шығуына шектеу қойылды. 30-дан астам қызметкері бар мемлекеттік органдар мен ұйымдар үйден жұмыс істеуге көшуі тиіс. Қоғамдық орындар мен балалар ойнайтын алаңдарды дезинфекциялау жиілейді. Брифингте бұл шараны кім ұйымдастыратыны айтылмады.

Әкімдік сауда-орталықтары, сауда орындары, 50 адамдық тамақтану орындарына камера орнатуды ұсынды. Жергілікті билік осы арқылы сақтық шараларының сақталуын қадағаламақ.

Әкімдік кәсіпорындардан, автовокзалдар мен вокзалдардан дене қызуын өлшейтін құрал мен бейнебақылау орнатуды сұрады. Автобустарда адам көп болып кетпес үшін жұмыс кестесін жасауды ұсынды.

- Кәсіпорындар жұмысшыларды үйінен әкетіп, апарып тастау жағын ұйымдастыруы керек. Зейнеткерлер мен мүгедек адамдарға көмектесетін еріктілердің жұмысы жанданады. Қоғамдық орындарда маска тағу қадағаланады. Жұрттан, әсіресе дәрігер есебінде тұрған адамдардан себепсіз көшеге шықпауды сұраймыз, - деді Қарағанды облысының санитарлық дәрігері міндетін атқарушы Юрий Залыгин.

Облыстық денсаулық сақтау басқарамасының бастығы Ержан Нұрлыбаев Жезқазғанда инфекциялық госпиталь құрылысы бітетінін, ал 1 желтоқсанға таман облыстағы төрт инфекциялық ауруханада жөндеу жұмыстары аяқталып қалғанын айтты.

Ресми статистикаға сай, облыста қазір күніне коронавирус жұқтырған 5-6 адам анықталады. Ауруханада 160 адам емделіп жатыр. 16 қазандағы мәлімет бойынша, аймақта барлығы 10375 адамнан вирус анықталған. Олардың арасында 18 оқушы бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG