Accessibility links

Өткен тәулікте Covid тесті Қазақстанда 100 адамның вирус жұқтырғанын анықтады


Коронавирус жұқтырған науқастарды емдейтін ауруханада мүгедек арбасына отырған әйелді тасымалдау үстінде. Көрнекі сурет.
Коронавирус жұқтырған науқастарды емдейтін ауруханада мүгедек арбасына отырған әйелді тасымалдау үстінде. Көрнекі сурет.

Қазақстанда 16 қазан күні Covid тесті 100 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғанын растады. Аурудан бір күнде 120 адам жазылып шықты. Бұл туралы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Нұр-Cұлтан мен Алматы қалаларында 13 науқастан шықты. Солтүстік Қазақстан облысында 12, Павлодар облысында 11, Шығыс Қазақстан облысында 10 науқас анықталды.

Ең төмен көрсеткіш Шымкент (2) қаласында, Ақтөбе (2) және Жамбыл (1) облыстарында. Кейінгі екі айда күн сайын бір немесе одан көп аймақта науқас тіркелмейтін. Өткен тәулікте вирус жұқтырғандар барлық аймақтан шықты.

Елде барлығы 109 302 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны Covid тестімен расталған. Оның 104 921-і аурудан айыққан, 1783-і қайтыс болған. Бұған коронавирус жұқтырған бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам кірмеген. Денсаулық сақтау министрлігінің 24 тамыздағы дерегінше, мұндай адамдар саны 556 болған.

Covid жөніндегі ұлттық статистикаға 1 тамыздан бері есебі жүргізіліп келе жатқан коронавирус пневмониясы науқастары да кірмейді. 1 тамыздан 16 қазанға дейін аурудың бұл түрі 35 559 адамнан анықталып, оның 376-сы қайтыс болды. Джонс Хопкинс университеті Қазақстанның ресми дерегіне сүйеніп, тек Covid тестімен расталған науқастардың дерегін көрсетсе, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid пен коронавирус пневмониясы дерегін біріктіріп көрсетіп отыр.

Екі деректі қосқанда Қазақстанда вирус жұқтырғаны расталғандар саны 145 мыңға жуықтайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG