Accessibility links

Қырғыз президентінің міндетін атқарушы Жапаров Матраимов ісіне "нүкте қойылады" деді


Қырғызстанның жаңа тағайындалған премьер-министрі Садыр Жапаров парламент отырысында. Бішкек, 16 қазан 2020 жыл.
Қырғызстанның жаңа тағайындалған премьер-министрі Садыр Жапаров парламент отырысында. Бішкек, 16 қазан 2020 жыл.

Қырғызстан премьер-министрі және президент міндетін атқарушы Садыр Жапаров 16 қазан күні қырғызстандықтарға арналған алғашқы мәлімдемесін жасады. Үкімет баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде жемқорлықпен күреске назар аударылып, мемлекеттік кеден қызметі басшысының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимовтың аты аталады.

Матраимовтың аты-жөні Азаттықтың Қырғыз қызметі, OCCRP және Kloop басылымы бірлесіп жүргізген зерттеулер сериясында аталады. Зерттеулерде 2011-2017 жылдары Қырғызстаннан шетелге кемі 700 миллион доллар ақша заңсыз шығарылғаны, оған Матраимовтың қатысы бары айтылады.

"Ең алдымен біз Қырғызстаннан 700 миллион долларды шығару ісіне нүкте қоямыз. Негізгі күдікті Матраимов пен өзге де жемқорларлар елд алдында заң бойынша мейлінше қатаң жазаланады. Құқық қорғау органдарына қажет тапсырма берілді, осы жұмыстың нәтижесін жақын арада айтамыз" делінген мәлімдемеде.

"Жемқорлықпен күрес – бұл адам тола түрме емес, бұл құқық қорғау органдарының білгенін істеуі де емес. Жемқорлықпен күрес – бұл бәріне бірдей жұмыс істейтін ұғынықты, қарапайым және орындалатын заңдар" дейді Жапаров халқына арнаған сөзінде.

14 қазан күні Жапаров баспасөз мәслихаты кезінде қолында бар ақпаратқа сәйкес, Райымбек Матраимов елден кетіп қалған болуы керек деді.

Өткен жылы жарияланған журналистер зерттеулерден соң Райымбек Матраимовтың өзі, інісі әрі қырғыз парламентінің депутаты Искендир Матраимов, әйелдері және "Исмаил Матраимов" атындағы қайырымдылық қоры Азаттық радиосын, журналист Али Токтагуновты және Kloop.org сайтын сотқа берді. Искендер Матраимов сұхбаттарында материалдар беделіне нұқсан келтіру мақсатымен жарияланған деді.

Парламенттің бұрынғы депутаты Садыр Жапаровты 6 қазанға қараған түні жақтастары күшейтілген тәртіптегі түрмеден шығарып алған. Қырғызстан билігі Жапаровты 2013 жылы Құмтөр алтын кенішін мемлекет иелігіне алу талабымен Қарақол ауылында митинг ұйымдастырып, сол кездегі Ыстықкөл облысның әкімін кепілге алған деген айыппен 2017 жылы тамызда соттап, 11,5 жылға түрмеге қамаған еді.

14 қазан күні Қырғызстан Жогорку Кеңеші оны премьер-министр етіп сайлады. Бір күннен кейін ел президенті Сооронбай Жээнбеков отставкаға кететінін мәлімдеп, президент міндетін Садыр Жапаров атқаратын болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG