Accessibility links

Шымкентте белсендіге "полицейді қорлады" деп іс қозғады. Жақтастары ІІБ алдында наразылық білдірді


Шымкенттік белсенді Нұржан Мұхаммедов. Архив суреті.

17 қазан күні Шымкент қаласында азаматтық белсенді Нұржан Мұхаммедовтің үстінен полицияны "қорлағаны" үшін іс қозғалды. Оған наразы оннан аса белсенді Шымкент қаласы Қаратау аудандық полиция басқармасының алдында наразылық білдірді.

Полиция "қорлау" деп бағалаған оқиға 14 қазан күні болған. Мұхаммедовтің Азаттыққа айтуынша, сол күні күндіз әйелі мен өзі жұмысқа кеткен. Үйінде үлкені 4-12 жас аралығындағы төрт баласы қалған. Белсенді осы кезде үйіне азаматтық киім киген екі полицей кіріп, балаларын қорқытқанын айтады.

– Үйге келсем балалар шошып тұр. Ізімнен келген екі полицейді көрсетіп, "бізді алып кетеміз, әке-шешең таппай қалады" деді де жылады. Үйдің иесі жоқ кезде оларға үйге кіруге кім рұқсат берді? – дейді ол.

Мұхаммедов оқиға орнынан Facebook желісінде тікелей эфирге шыққан. Онда белсенді жылап тұрған балаларын көріп қолына балта, полицейлерден үйіне кірмеуді талап етіп тұрғаны, қыздарының полицейді танып, қорқытты деп айтқаны көрінеді. Қыздардың айтқанын жоққа шығарған полицейлер шақыру хат әкелгенін, белсендінің өздерімен бірге полиция бөліміне баруы керегін айтып, белсенді көнбеген соң сүйреп шығуға әрекет жасайды. Видеода осы кезде балалардың қорқыныштан айқайлап, жылағаны бар. Көп ұзамай белсенді өз еркімен полицейлермен бірге Қаратау аудандық полиция басқармасына кеткен.

Нұржан Мұхаммедов Азаттыққа басқармада полиция қысым жасап, тікелей эфирді парақшасынан өшіруге мәжбүрлегенін, бірақ өзге белсенділер бұл видеоны сақтап үлгергенін айтады. Видео Youtube желісінде тұр.

Полиция Жамбыл облысы полиция департаменті тергеу басқармасынан түскен жеке тапсырмаға байланысты Мұхаммедовке шақырту хатын берген. Мұхаммедов бұл шақыртуды Шу қаласына барып сотталған белсенді Бағдат Бақтыбаевты босатуды талап еткенімен байланыстырады.

Арадан үш күн өткенде, яғни 17 қазан күні таңертең Нұржан Мұхамедовтің үйіне келген Қаратау аудандық полиция басқармасы тергеу бөлімінің өкілі Нұрлан Асқаров белсендінің үстінен қылмыстық кодекстің "Билік өкілін қорлау" бабымен қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Ол белсендінің басқармаға тергеуге баруды сұрады. Мұның бәрі Мұхаммедовтің Facebook парақшасында жүргізген тікелей эфирінде көрініс тапқан.

17 тамыз күні түске жақын оннан аса белсенді жиналып, Нұржан Мұхаммедовпен бірге Қаратау аудандық полиция басқармасының алдына барды. Жиналғандар белсендінің "үйіне кіріп, балаларын қорқытқан" полицияларды сыртқа шығаруды талап етті. Белсенділердің алдына полиция басқармасының басшысы Арман Тіленшин мен аудандық прокурордың орынбасары Әділет Мұсаев шығып, Нұржан Мұхаммедовтің ішке кіруін сұрады. Мұхаммедовпен бірге белсенді Ерғали Құлбаев пен Данияр Байтілеу кірді.

Белсенділер полиция басқармасына кіргеніне төрт сағаттан асқанда шықты.

Мұхаммедов Азаттыққа полицияның сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдарын өндіріске қабылдау туралы қаулысын ұсынды. Онда белсендінің 14 қазан күні "шақырту қағазын алудан және жауап беруден бас тартқаны" және билік өкілінің "қадір-қасиеттеріне тиетін балағат сөздер айтып, күш қолдануы туралы қорқытқаны" көрсетілген.

Шымкент қаласы полиция департаменті Қаратау аудандық бөлімінің азаматтық белсенді Нұржан Мұхамедовке қарсы іс қозғау туралы қаулысы.
Шымкент қаласы полиция департаменті Қаратау аудандық бөлімінің азаматтық белсенді Нұржан Мұхамедовке қарсы іс қозғау туралы қаулысы.

Мұхаммедов балаларын "қорқытқан" полицейлердің үстінен іс қозғалмағанын айтады.

Азаттық Шымкент қалалық полиция департаментіне хабарласып, істің мән-жайын сұрады. Департамент әлі жауап бермеді.

45 жастағы Нұржан Мұхаммедов Шымкенттегі Қайнарбұлақ саяжайында жалдамалы пәтерде кәмелетке толмаған бес баласымен бірге тұрады. Ол бұған дейін "саяси тұтқындарға бостандық" талап еткен жиындарға, Қытай экспанциясына, жердің сатылуына қарсы шығып, бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылған. Сот оны "заңсыз митингілерге" қатысқаны үшін 5 күннен 15 күнге дейін қамаған.

2019 жылдың 19 қарашасында қоғамдық-саяси мәселелерге байланысты пікірін ашық айтып жүрген белсендігің ауласында тұрған жеке көлігінің айнасын шағып, жүргізуші орындығына иттің басынтастап кеткен. Бұл туралы полицияға арыз түсіргенімен, әлі күнге кім тастағаны анықталмады. Ол мұны азаматтық белсенділігімен байланыстырады.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG