Accessibility links

Армения мен Әзербайжан бір-бірін атысты тоқтату туралы жаңа бітімді бұзды деп айыптады


Таулы Қарабақ, 11 қазан 2020 жыл.
Таулы Қарабақ, 11 қазан 2020 жыл.

Армения Әзербайжанды Таулы Қарабақтағы атысты тоқтату туралы 18 қазан күні күшіне енген жаңа бітімді бұзды деп айыптады. Ереванның сөзінше, бітім күшіне енгеннен санаулы сағат өткенде атыс қайта басталған.

"Жау 00.04 пен 02.45 аралығында (жергілікті уақыт) солтүстік бағытта және 02.20 мен 02:45 аралығында оңтүстік бағытта артиллериялық шабуыл жасады" деді Армения қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Шушан Степанян 18 қазан күні Twitter-парақшасында.

Әзербайжан тарабынан жауап әлі болмады.

Бір күн бұрын Армения мен Әзербайжан атысты тоқтату туралы жаңа бітім жасасқанын мәлімдеген. Мұндай мәлімдеме екі елдің сыртқы істер министрлігі сайттарында 17 қазан күні жарияланды. Бітім түнгі 12.00 уақытында күшіне енді.

Бұл шешім ЕҚЫҰ Минск тобының тең төраға елдері Франция, Ресей және АҚШ президенттерінің 1 қазан күні жасаған мәлімдемесінен кейін қабылданды.

Минск тобы – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының 1988 жылы басталған Таулы Қарабақ шиеленісін шешуді көздейтін дипломатиялық бастамасы. Оған Франция, Ресей және АҚШ тең төрағалық етеді.

Таулы Қарабақтағы шиеленіс 27 қыркүйек күні тағы да қақтығысқа ұласты. Салдарынан кемі 600 сарбаз бен бейбіт тұрғын қайтыс болды. Бұл екі ел арасындағы алты жылғы соғысты аяқтаған 1994 жылғы бітімнен кейінгі ең ірі қақтығыс саналып отыр.

Халықаралық деңгейде Әзербайжанның территориясы саналатын Таулы Қарабақты 1994 жылғы бітімнен бері Ереван қолдауына ие этникалық армяндар бақылауда ұстап отыр.

Қазіргі жанжал оған Әзербайжжаның одақтасы Түркия және Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы аясында Арменияның территориялық тұтастығын қорғауға міндеттеме алған Ресей қатысар болса, халықаралық жанжалға айналып кетуі мүмкін деген алаңдаушылық бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG