Accessibility links

Қырғызстан: ОСК парламент сайлауын 20 желтоқсанға қоюды ұсынып, партиялық межені төмендетуді қолдады


4 қазандағы парламент сайлауы кезінде дауыс беріп жатқан азаматтар. Қырғызстан, 4 қазан 2020 жыл.
4 қазандағы парламент сайлауы кезінде дауыс беріп жатқан азаматтар. Қырғызстан, 4 қазан 2020 жыл.

Қырғызстан орталық сайлау комиссиясының мүшелері қайта өтуі тиіс парламент сайлауын 20 желтоқсанға белгілеуді ұсынды. Олардың сөзінше, бұл сайлау нәтижесін 2020 жылдың соңына дейін қорытындылауға мүмкіндік береді.

Комиссия сондай-ақ саяси күштердің парламенттің кеңірек орын табуын қолдап, Жогорку Кеңештен 7 пайыздық межені төмендеу мәселесін қысқа мерзім ішінде қарастыруды сұрады.

ОСК қайта өтуі тиіс сайлау бір ай ішінде белгіленуі керек дейді.

Қырғызстанда 4 қазандағы парламент сайлауы саяси дағдарысқа әкелді. Сайлау нәтижесі билікке жақын деген партиялардың жеңіске жеткенін көрсеткен соң, оппозициялық партиялар мен олардың жақтастары сайлау нәтижесі бұрмаланған деп көшеге шықты. 5 қазан күні күндіз басталған қарсылық акциясы түнге қарай жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Демонстранттар президент аппараты мен парламент отыратын "Ақ үй" ғимаратын басып алып, түрмеде отырған саясаткерлерді күшпен босатып алды. Жақтастары түрмеден босатып алғандардың қатарында Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев, бұрынғы премьер-министр Сапар Искаков және дәл қазір Қырғызстан президенті міндетін атқарып отырған Садыр Жапаров болды.

Келесі күндері саяси күштердің билік үшін таласы басталды. Нәтижесінде ОСК сайлау нәтижесін жарамсыз деп тапты, президент Сооронбай Жээнбеков отставкаға кетті, үкімет басшылығына Садыр Жапаров келді. Жапаров президент міндетін қоса атқарып отыр.

Жогорку Кеңеш депутаттары 7 пайыздық межені 3 пайызға дейін, сайлау жарнасын 5 миллион сомнан (шамамен 62 мың доллар) 1 миллион сомға (шамамен 12 мың доллар) дейін төмендетіп, №2 формасы бойынша дауыс беруге тыйым салуды қарастырып отыр. №2 формасы сайлаушыға тіркелу орнынан тыс жерде дауыс беруге мүмкіндік береді.

Сайлаудан кейін 12 партия Орталық сайлау комиссиясынан 4 қазандағы сайлауда жеңіске жетті деген "Биримдик", "Мекеним Кыргызстан" және "Кыргызстан" партиялары тарабынан жасалған құқықбұзушылық материалдарын құқықтық тұрғыда бағалауды сұрады. Комиссия бұл өтінішті Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне бағыттап, құқықбұзушылықты бағалау прокуратура мен полицияның құзыретінде деді.

Өтініш берген партиялар әкімшілік ресурстың қолданылғанын, дауыс сатып алудың болғанын, дауыс берудің құпиялығы бұзылғанын, сайлаушыларды қорқыту фактілерінің болғанын айтып отыр.

Қырғызстан премьер-министрі және президентінің міндетін атқарушы Садыр Жапаров 16 қазан күні 3 пайыздың тым төмен екенін айтып, 5 пайыздық межені ұсынды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG