Accessibility links

Навальный АҚШ президентінің "саясаткерге у беру оқиғасын" айыптамағанына қынжылады


Ресейлік саясаткер Алексей Навальный.
Ресейлік саясаткер Алексей Навальный.

Ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальный 21 ғасырда кез келген адам, бірінші кезекте АҚШ президенті химиялық қару қолдануға қарсы шығуы тиіс деп санайды. CBS арнасына берген сұхбатында Навальный Дональд Трамптың әлі күнге дейін "саясаткерге у беру оқиғасына" баға бермегеніне қынжылған.

Осыған дейін Трамп тарабынан реакция болмағанын АҚШ президенттігінен үміткер демократ Джо Байден де сынаған. Байден ресейлік саясаткердің үнін өшіру үшін қарсыластары оған у берді деп санайды. Оның пікірінше, бұл оқиғаға көзқарасын ашық білдірмеген Трамп осылайша қылмысты қуаттап отыр деп есептейді.

Телеарнаға берген сұхбатында Навальный "у беру ісінің" ар жағында Ресей президенті Владимир Путин тұр деп айтқан. Оппозиционердің сөзіне қарағанда, Владимир Путин полиция, сот және ақпарат құралдарын толық бақылауында ұстайды. Бірақ қоғамда наразылық көңіл-күй өрістегенін де жақсы біледі. Сол себепті "осындай ақырғы амалдарға барған" деп есептейді.

15 қазанда Еуроодақ пен Ұлыбритания Алексей Навальныйдың улануына байланысты Ресейге санкция салған. Санкция салынған алты шенеунік арасында ФСБ директоры Александр Бортников, президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Сергей Кириенко, Сібір федералдық округы президентінің уәкілетті өкілі Сергей Меняйло бар.

ЕО санкциясына сонымен бірге органикалық химия және технология мемлекеттік ғылыми зерттеу институты да ілінген. Оның бөлімшесінде "Новичок" тобына жататын қауіпті зат жасалды деп айтылады. Осыған дейін Еуропаның үш зертханасы мен Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық ұйым Алексей Навальный анализінен осы қауіпті заттың қалдықтарын тапқан еді.

Алексей Навальный 20 тамызда Томскіден Мәскеуге ұшып бара жатқан кезде жолда жағдайы күрт нашарлап, комаға түскен. Ұшақ төтенше жағдайда Омбыға қонып, саясаткер жергілікті ауруханаға жатқызылған. Екі күннен кейін Навальный Берлиндегі "Шарите" клиникасына емдеуге жеткізілді.

Ресей дәрігерлері саясаткердің ағзасынан у қалдықтарын таппадық деп мәлімдеп, саясаткердің "ағзасында зат алмасу процесі бұзылған болуы мүмкін" деді. Бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG