Accessibility links

Құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған Елшібаев Қызылордадағы түрмеге ауыстырылды


Ержан Елшібаев.
Ержан Елшібаев.

Түркістан облысы Ленгер қаласы Шахта Тоғыз елді мекені маңындағы ИЧ-167/9 түзеу мекемесінде жазасын өтеп келген Жаңаөзендегі жұмыссыз жастар белсендісі Ержан Елшібаев Қызылорда қаласындағы ЗК-169/5 түзеу мекемесіне ауыстырылды. Бұл туралы Азаттыққа Елшібаевтың әйелі Динара Иманғалиева хабарлады. Елшібаевтың Қызылордаға жеткізілгенін түрме әкімшілігі де растады.

Динара Иманғалиеваның сөзінше, ол түрмедегі күйеуімен он күн бұрын телефонмен сөйлескен. Қазан айының соңында жазасын қысқарту немесе туған қаласы Ақтаудағы түзеу мекемесіне ауыстыру туралы өтініш жазатынын айтқан. Бірақ Иманғалиева басқа түзеу мекемесіне ауыстыратынын білмеген.

- 4 күн бұрын ИЧ-167/9 мекемесінің әкімшілігі оны этаппен Ақтауға жібереді деді. Бүгін (20 қазан) түсте Қызылорда қаласындағы ЗК-169/5 түзеу мекемесінің әкімшілігінен хабарласты. Хабарландыру хатын жібереміз деді. Ержан өзі хабарласып, бірақ нақты қайда екенін айтқан жоқ, - дейді Иманғалиева.

ЗК-169/5 түзеу мекемесінің арнайы бөлім басшысы Назерке Молдағалиқызы Ержан Елшібаевтың ИЧ-167/5 мекемесінен 18 қазан күні ауыстырылғанын растады. Оның сөзінше, Елшібаев ЗК-169/5 түзеу мекемесінде жазасын өтеуді жалғастырады.

Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов Facebook-тағы парақшасында "билік белсендінің туыстарына оны Маңғыстау облысына ауыстыруға уәде бергенмен уәдесін орындамады" деп жазды.

Құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған 32 жастағы Ержан Елшібаев осыған дейін Ленгер қаласы Шахта Тоғыз елді мекені маңындағы ИЧ-167/9 мекемесінде қысым көрсетілгенін бірнеше рет мәлімдеген еді. Соңғы рет тамыз айында тараған видеода Елшібаев өзіне мекемеде "қысым көрсеткен" қызметкерлердің аты-жөнін атаған еді. Ол қарсылық ретінде аузын тігіп, денесін жарақаттаған. Кейінірек Қазақстанның бірнеше қаласында белсенділер оны қолдап акция өткізді. Оған қатысушылар Елшібаевтың өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, Қазақстан билігінен ісін қайта қарауды талап еткен. Түрме әкімшілігі оған қысым жасалды деген ақпаратты жоққа шығарған.

Қыркүйек айының соңында Еуропа депутаттары белсендінің қысымға ұшырауы туралы ақпаратқа алаңдап, оны босатуға шақырған.

32 жастағы Жаңаөзен тұрғыны Ержан Елшібаев 2019 жылы ақпан және наурыз айларында Маңғыстау облысындағы моноқалада өткен наразылықта белсенділігімен көзге түскен. Былтыр қазан айында сот оны наразылыққа қатысы жоқ екі жыл бұрынғы "төбелеске" байланысты кінәлі деп тауып соттады. Елшібаевтың өзі және құқық қорғаушылар, жақтастары істің саяси астары барын айтты. Қазақстанның құқық қорғаушылары оны саяси тұтқын деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG