Accessibility links

Өзбекстан президенті латын әліпбиіне толық көшу бойынша жол картасын әзірлеуді тапсырды


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев үкіметке үш ай ішінде жұмыс тобын құрып, өзбек алфавитін латын әліпбиіне толық көшіру бойынша жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Өзбек тілін дамыту туралы жарлықта нақты шаралар мен қаржы көзі, көлемі жайлы ақпарат көрсетілуі тиіс деп жазылған.

Шавкат Мирзияев осылайша 2020-2030 жылға арналған өзбек тілін дамыту және тіл саясатын жетілдіру концепциясы мен оны жүзеге асыру бағдарламасын бекіткен. Оған сәйкес, 2030 жылға дейін елдегі балабақшалардың 80 пайызы өзбек тілінде болуы тиіс, өзбек тілін оқыту көлемі аптасына 84 сағаттан 110 сағатқа дейін ұлғаюы қажет деп көрсетілген. Бұған қоса, шетелдіктерге арналған өзбек тілін үйрету бағдарламасы жасалуы тиіс.

2021 жылдың 1 сәуірінен бастап басшылар арасында өзбек тілі мен әдебиетін меңгеру деңгейі анықталып, сәйкесінше тиісті сертификаттар беріледі.

2019 жылы мамыр айында Әлішер Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік университеті жанынан құрылған топ латын тіліне негізделген өзбек алфавитінің соңғы нұсқасын таныстырған. Лингвистер жаңарған нұсқада 30 белгі: 29 әріп және айыру белгісін білдіретін апострофты қалдыруды сұраған.

Gazeta.ru басылымының жазуынша, бұл 1993 жылы Өзбекстанда енгізілген латын әліпбиінің алғашқы нұсқасына өте ұқсас. 1995 жылы Өзбекстанда диакрит белгісі бар барлық әріп әліпбиден алынып, дифтонг немесе төңкерілген апострофы бар әріптестермен алмастырылған еді. Енді бұл өзгерістерден бас тартуға болады. Лингвистердің айтуынша, өзбек алфавитіне енгізілген өзгерістер суахили, түрік тілдерінің алфавитіне сүйеніп жасалған, ал ол тілдердің өзбек алфавитінен айырмашылығы бар.

Қазақстанда латынға көшу процесі 2017 жылдан бері созылып келеді. Ол кезде президент Нұрсұлтан Назарбаев үкіметке алғаш рет қазақ әліпбиін латынға ауыстыру кестесін жасауды тапсырған. Елде алфавит нұсқалары да өзгертілді, алайда оған әлі толық өткен жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG