Африкадағы халқы ең көп Нигерияда мыңдаған адам бір аптадан бері көшеге шығып, полицияның жұртқа оқ атқанына қарсы наразылыққа шығып жатыр. Жұрт SARS (Special Anti-Robbery Squad – Ұрлыққа қарсы арнайы жасақ) өкілдерінің қатігездігіне шағынады. Билік бұл жасақты таратамыз деп уәде берсе де халық наразылығы толастамай тұр. Twitter желісінде #EndSARS хэштегі трендке айналып, әлем наразы Нигерияға ауды. SARS деген не? Наразылар нені қалай? Түсіндіреміз.
SARS ҚАНДАЙ ЖАСАҚ?
200 миллион халқы бар Нигериядағы полиция 1992 жылы көлік ұрлығы, қару-жарақ ұрлығы, адам ұрлау қылмыстарын азайту үшін Special Anti-Robbery Squad (SARS - Ұрлыққа қарсы арнайы жасақ) бөлімшесін құрды. SARS басында ешқандай форма кимеген құпия жасақ болды.
Кейін бұл жасақ қатігездігімен көзге түсе бастады. Amnesty International адам құқығын қорғау ұйымы SARS жасағын қанау, зорлау, сотсыз адамдарды дарға асу, азаптаумен айналысты деп мәлімдеді. Нигериялықтардың сөзінше, SARS тату салған, қымбат көліктері мен телефондары бар жас жігіттерге жиі шабуылдайды және жастар қымбат заттарды ұрлық арқылы тапты деп, қуғындайды.
Ел полициясы SARS жайлы айыптауларды бірнеше рет жоққа шығарып келген. Бірақ қазан айында "сөзге құлақ аспайтын, тәжірибесіз" офицерлер ұсталып, тәртіптік шаралар жүргізілгенін мәлімдеді.
ҚАЗІРГІ НАРАЗЫЛЫҚҚА НЕ ТҮРТКІ БОЛДЫ?
Қазанның басында елде SARS жасағының мүшелері болуы мүмкін деген офицерлердің Дельта штатында ер адамды атып, көлікпен кетіп қалғаны көрсетілген видео тарай бастады. Осы видеодан кейін елде жастар наразылыққа шықты. Полиция SARS жасағының ер адамды атқанын жоққа шығарды.
Полиция басында наразыларға күш қолданып, көзден жас ағызатын газ, су шашты. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Лагоста кем дегенде екі адам, Ойо штатында кем дегенде үш адам қайтыс болды. Amnesty International дерегінше, елде кем дегенде 12 адам қаза тапқан.
ЖҰРТ ТАЛАБЫ ҚАНДАЙ?
Наразылар билікке негізгі бес талап қояды. Олар:
- Наразылық кезінде ұсталғандарды тез арада босату,
- Полиция қолынан қаза болғандарды ақтау;
- Марқұмдардың туыстарына өтемақы төлеу;
- Тәуелсіз орган құрып он күн ішінде жоғары шенді офицерлердің әрекетін тергеу;
- SARS жасағының әрекеттерін тексеру;
- Халықтың өмірін қорғайтын қарапайым полицейлердің жалақысын өсіру.
БИЛІК НАРАЗЫЛАР ТАЛАБЫНА НЕ ДЕЙДІ?
Полиция наразылық басында SARS жасағына көшелерді бақылауға тыйым салып, форма киюді бұйырды. Бірақ наразылық басылмаған соң 11 қазаннан бастап SARS жасағын таратты. Ел президенті Мохаммади Бухари полицияға реформа жасауға уәде берді. Ал федералдық кеңес штаттарға полицияның қатігездігінен зардап шеккендерге өтемақы төлейтін қор құруды тапсырды.
13 қазанда полиция жаңадан құрылатын SWAT (Special Weapons and Tactics Team – Қару мен тактика жөніндегі арнайы команда) таратылған SARS жасағының "орнын толтырады" деп мәлімдеді. Ел астанасы Абужа билігі коронавирусқа байланысты наразылық шараларына тыйым салды.
Бұдан бөлек, Twitter желісінде тараған видеода пышақ және басқа да суық қару ұстаған ер адамдардың наразыларға шабуылдағаны көрінеді.
Лагос басшылығы бір адамның өліміне қатысты тергеу басталғанын мәлімдеді. Ал Нигерия билігі наразылық кезінде кем дегенде 25 адамның жараланғанын айтады.
НАРАЗЫЛАР БИЛІККЕ НЕГЕ СЕНБЕЙДІ?
Билік осыған дейін бірнеше рет SARS жасағын таратуға я оларға қатысты тергеу жүргізуге уәде берген. 2017 жылы сенат та бұл жасаққа қатысты тергеу бастайтынын айтқан. Бірақ халық пен бақылаушылар елде ештеңе өзгермегенін айтады. Наразылар жаңадан құрылған SWAT атын өзгертіп, SARS сияқты қатыгездікпен айналысады дейді. Жұрт #EndSARS және #EndSwat хэштегімен мұндай жасақтарды толық таратуды талап етеді.
Елде жастар #EndSARS хэштегімен полицияның көрсеткен қатігездігі жайлы жаппай жазып жатыр.
Amnesty International ұйымының Нигериядағы бөлімшесінің директоры Осай Ожигхо AFP агенттігіне "Нигериялықтар биліктің полицияның қатігездігін тоқтатамыз деген уәдесіне сенбейді, себебі бұған дейінгі SARS жасағын реформалау туралы уәделердің барлығы бос сөз болған" деді.
"Елдегі жоғары шенді офицерлер пара алу пирамидасын құрып, қол астында істейтін қатардағы полицейлерден халықтан ақша жинауды талап етеді" деп жазады Chatham House орталығының ғылыми қызметкері Лина Кони Хоффманн.
Наразылардың көбі осы сәтті пайдаланып, биліктен басқа да өзгерістерді талап етіп жатыр. Нигерия Африкадағы ең ірі экономиға ие ел болса да, халықтың жартысы кедей. Жастар арасындағы жұмыссыздар көп.
Көшеге шыққан жастардың көбі биліктен жұмыс тауып беруді, электр энергияны өшіре беруді тоқтатуды, сөз бостандығына шектемеуді, үкіметке жастарды тартуды сұрайды.
Reuters және AFP ақпарат агенттігінің деректері негізінде жазылды
ПІКІРЛЕР