Accessibility links

Солтүстік Қазақстанда Covid жұқтырғандар екі аптада 1,5 есе өсті


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Солтүстік Қазақстан облысында екі аптада коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 1,5 есе өскен. Соңғы екі аптада өңірде коронавирусқа шалдыққан 157 кісі анықталды. Олардың 37 пайызы вирусты сырттан әкелген.

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Айнаш Сағандықованың айтуынша, вирусты сырттан әкелетіндер көбейді. Мамандар бұған тұрғындардың көрші Ресейдегі туған-туыстарына жиі қатынауы себеп дейді.

Ресми мәлімет бойынша, соңғы 7 күн ішінде облыстағы 3 бақылау бекеті арқылы 4059 адам шекарадан Қазақстан жағына өткен. Карантинге жатқызылған 352 адамның 20-сында коронавирусқа тапсырылған ПТР тест оң нәтиже көрсеткен. Олардың 13-і - Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны.

Індет жұқтырғандар ішінде 65 жастан асқан қария көбейген.

Облыста бір аптада респераторлық вирус белгілерімен 879 адам ауруханаға жүгінген. Мамандар бұл өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға көп дейді.

Есесіне тұрғындарды тестілеу ауқымы да артып келеді. Сағандықованың дерегі бойынша, осы уақытқа дейін 117 мыңдай адам, яғни халықтың 21 пайызы тестілеуден өтті. Яғни алдыңғы аптамен салыстырғанда осы апта тест тапсырғандар саны 4 541 адамнан 7414-ке, яғни 1,6 есеге өсті. Бұған қоса, жоспарлы және шұғыл ауруханаға жатқызу көлемі де 17 пайызға (2069 адамнан 2419 адамға) артқан.

Облыста жалпы Covid жұқтырғандардың 9 пайызы медицина қызметкерлері. Әсіресе өңірдің екі ауданында медицина қызметкерлері жаппай ауырған. Ақжар ауданында - 7, ал Мамлют ауданында 9 қызметкер коронавирус дертіне шалдыққан. Қазір осы мекмелердің бас дәрігерлеріне қатысты тексеріс жүріп жатыр.

Облыстың тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Татьяна Горлованың айтуынша, олар санитарлық-эпидемиялық саламаттық заңдарын бұзды деп айыпталып, әкімшілік жауапқа тартылған. Тиісті әкімшілік бақылау жүргізбеген басшылар қылмыстық жауапқа да тартылуы мүмкін.

Пандемия басталғалы Солтүстік Қазақстан облысында 4326 адам коронавирус жұқтырып, 25-і қайтыс болған. Соңғы тәулікте өңірде 9 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG