Accessibility links

Қырғызстанда парламент сайлауы кейінге қалды


Қырғызстан парламенті – Жогорку кеңеш депутаттар 22 қазанда "Қырғызстан президенті мен Жогорку кеңеш депутаттарын сайлау туралы" конституциялық заңға өзгерісті қабылдап, парламент сайлауын конституциялық реформадан кейін өткізуді мақұлдады.

Депутаттардың қабылдаған шешіміне сай, конституциялық реформа 2021 жылдың 10 қаңтарына дейін жүргізілуі тиіс. Ал Жогорку кеңеш сайлауы конституциялық реформадан кейін 2021 жылдың 1 шілдесіне дейін өтуі керек.

Заңға өзгеріс енгізуді ұсынған депутат Акылбек Жапаровтың сөзінше, үш айдың ішінде парламент, президент және референдум өткізу қаржы жағынан қиынға түседі. Ол қазіргі Жогорку кеңеш реформа өткенге дейін жұмыс істей беретінін де айтты.

Жогорку кеңеш мүшелері бұл өзгерісті талқыламай бірден дауыс беріп, 83 депутат қолдады.

4 қазанда өткен парламент сайлауынан кейін Жогорку кеңешке өтпей қалған оппозициялық партиялар мен жұрт жаппай наразылыққа шығып, қайта сайлау өткізуді, Сооронбай Жээнбековтің президенттіктен кетуін талап етті. Наразы жұрт "сайлауда билікке жақын партиялар жеңді, олар әкімшілік ресурстарды пайдаланды, жұртқа ақша беріп дауыс сатып алды" деп айыптаған. 6 қазанда Орталық сайлау комиссияы сайлау нәтижесін жойды.

15 қазанда Жээнбеков "тарихта өз халқына оқ атқан президент болғысы келмейтінін" айтып, президенттіктен кетті. Ал экс-депутат Садыр Жапаров премьер-министр және уақытша президент болып тағайындалды. ОСК сайлауды 20 желтоқсан өтеді деген. Ал депутаттар президент сайлауын 10 не 17 қаңтарға тағайындауды ұсынған.

Бұған дейін уақытша президент Садыр Жапаров парламент Конституцияға өзгеріс енгізсе, сайлауға қатысатынын айтқан.

Қырғызстан Конституциясына сай, уақытша президент болған адам президент сайлауына қатыса алмайды. Ал елде Конституцияны өзгерту үшін халықтық референдум өтуі тиіс.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG