Accessibility links

Министр Балаева қазақстандық телеарнаның Қарабақ қақтығысы жайлы хабарындағы "қателікті" мойындады


Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева.
Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева.

Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева көрермендердің мемлекеттік телеарналар халықаралық оқиғалар жайлы хабар таратқанда ресейлік басылымдардың көзқарасын береді деген сынын "орынды" деді.

23 қазандағы брифингте Балаева "Хабар 24" арнасының Таулы Қарабақ туралы хабарынан соң тексеру жүргізілгенін айтты. Арна басшылығы осы хабар эфирге шыққан соң "ақпарат таратқандағы ағаттық" үшін кешірім сұраған.

— Мұндай жағдай көп емес. Бұл біздің мемлекеттік ұстанымымызды білдірмейді. Ал қате жіберген [телеарна жұмысшылары] жауапқа тартылды, - деді Балаева.

Азаттық тілшісі министрден "мемлекеттік арнаның бұл қателігі ақпараттық саясаттағы сәтсіздік пе әрі ақпараттық қауіпсіздіктің әлсіздігін көрсете ме?" деп сұрады.

— "Сәтсіздік" десек қатты айтқандай боламыз. Бірақ ескерту дұрыс. Министрлік бірінші кезекте осы мәселемен жұмыс істеп жатыр. Қазір сараптамалық орталығымызда телеарналардағы контенттерді тексеретін нақты бөлім құрдық. Біз олардың әлсіз тұстарын көрсетіп, жұмыстарын дамыту үшін бағыт-бағдар беріп отырамыз, - деді ол.

Министр мемлекеттік БАҚ-тардың "әлсіз тұстарының" нақты айтпады.

Bloomberg журналисті Балаевадан "Хабар 24" телеарнасы шетелдегі оқиғаларды ресейлік көзқараспен көрсетпей ме?" деп сұрады.

— Сұрақ қызық екен (күлді). Негізі барлық материалды журналист жасайды. Оның контентті қалай жасайтынын болжай алмаймын ғой. Әрине телеарналар біздің мемлекетіміздің ұстанымын айтады. Телеарнадағы жағдай енді қайталанбайды. Сол үшін көп жұмыс жасадық, - деді министр.

Өткен аптада "Хабар 24" арнасының эфирінде "Мир за неделю" хабарында Әзербайжан жағында Түркия қолдайтын "исламистер" соғысып жүргені айтылған. Кейін телеарна директоры Алёна Горбачёва желідегі парақщасында хабардағы "қателік" үшін кешірім сұраған. Бірақ ол біраз уақыттан соң постын алып тастады. Білім министрінің экс-орынбасары, блогер Мұрат Әбенов оның жазбасының скринін жариялады.

  • Армения мен Әзербайжан арасында Таулы Қарабақ үшін қақтығыс 27 қыркүйекте қайта күшейді. Әзербайжан аумағында орналасқан, бірақ этникалық армяндар тұратын Таулы Қарабақ 1991 жылы тәуелсіздігін жариялаған. Бірақ әлем елдері Таулы Қарабақтың тәуелсіздігін мойындамады. Ереван мен Баку кейінгі аптада жағдайды ушықтырды деп айыптаған. Екі жақтан да қаза тапқандар бар. Қақтығыстан ондаған бейбіт тұрғын қайтыс болды. 10 қазанда Ресейдің қатысуымен екі ел атысты тоқтату туралы келісімге қол қойған. Бірақ екі ел атысты жалғастырып, бір-бірін келісімді бұзды деп айыптады.
  • Түркия бұл қақтығыста Әзербайжанды ашық қолдайды. Мәскеу Анкараның Қарабақ қатығысында Бакуді қолдайтын мәлімдемесін сынаған. Кейбір басылымдар Ереванның ақпаратына сүйеніп, Түркия Әзербайжанға әскери қолдау жіберіп жатыр деп мәлімдеген.
  • Қазақстандық телеарналар ресейлік көзқарасты береді деген сын 2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялап, Украина шығысындағы сепаратистерді қолдаған тұста көбейді. Қазақстандық телеарналар хабарларында сепаратистерді "жасақ" деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG