Accessibility links

Қырғызстан: ОСК президент сайлауын 10 қаңтарға белгіледі


2017 жылғы президент сайлауы кезіндегі дауыс беру жәшігі. Ош, 15 қазан 2017 жыл.
2017 жылғы президент сайлауы кезіндегі дауыс беру жәшігі. Ош, 15 қазан 2017 жыл.

Қырғызстан Сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясы (ОСК) елдегі президент сайлауын 2021 жылғы 10 қаңтарға белгіледі.

Шешім ОСК-ның 24 қазандағы отырысында қабылданды. Комиссиясы жетекшісі Нұржан Шайлдабековтің түсіндіруінше, президент отставкаға кеткен соң Жогорку Кеңеш бір апта ішінде мерзімінен бұрын өтетін президент сайлауын тағайындайды, ал сайлау үш айдың ішінде өтуі тиіс.

Егер парламент бір апта ішінде мұндай шешім қабылдамаса (мерзім 22 қазан күні өтіп кеткен – ред.) сайлау ресми түрде тағайындалған саналады, ал ОСК екі күннен кешіктірмей дауыс беру күнін анықтайды. Заңда көрсетілген үш айлық мерзім 2021 жылдың 16 қаңтарында аяқталады. Өйткені елдің бұрынғы президенті Сооронбай Жээнбеков отставкаға 2020 жылдың 15 қазанында кеткен.

Қырғызстанда 4 қазандағы парламент сайлауынан кейін саяси дағдарыс орнады. Сайлау нәтижесі бойынша билікке жақын деген партиялар жеңіске жетіп, сайлау нәтижесі бұрмаланды деген тұрғындар қарсылық акциясына шықты. 6 қазанға қараған түні демонстранттар парламент пен президент аппараты отыратын "Ақ үй" резиденциясын басып алып, түрмеде жатқан бірқатар саяси тұтқындарды босатып алды. Келесі күндері Бішкекте саяси күштер арасында тартыс өрбіп, нәтижесінде ОСК сайлау нәтижесін жарамсыз деп таныды. Ал 6 қазанға қараған түні жақтастары босатып алған Садыр Жапаров елдің премьер-министрі атанып, президент міндетін қатар атқарып отыр.

21 қазан күні Қазақстан билігінің парламент сайлауын 2021 жылғы 10 қаңтарға белгілегені хабарланды. Осылайша, келесі жылы 10 қаңтарда екі елде де сайлау өтеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG