Accessibility links

Қазақстанда бір күнде 304 адамнан коронавирус анықталды, 5 өлім тіркелді


Коронавируспен күреске жұмылдырылған медқызметкерлер. Көрнекі сурет.
Коронавируспен күреске жұмылдырылған медқызметкерлер. Көрнекі сурет.

24 қазан күні Қазақстанда 304 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Оның қақ жартысы – вирус жұқтырған Covid тестімен расталған науқас (U07.1), қалған жартысы – диагнозы ауру белгілері бойынша қойылған коронавирус пневмониясына шалдыққан науқас (U07.2).

Covid тестімен (ПТР) расталған науқастар бойынша, көш басында әдеттегідей Шығыс Қазақстан облысы (27), Алматы (20) және Нұр-Сұлтан (15) қалалары. Түркістан және Ақтөбе облыстарында бір науқастан тіркелсе, Қызылорда облысында ешкімнің ПТР тесті оң шықпаған.

Елде барлығы 110 402 адамның Covid тесті оң нәтиже берген. Оның 1820-сы қайтыс болған. Бұл статистикаға коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ «ілеспе аурудан қайтыс болды» деген жүздеген адам кірмей қалған.

Қазақстан үкіметі коронавирус пневмониясының аймақ бойынша дерегін күнделік жарияламайды. Дүниежүзілік аурулар классификациясында U07.2 коды тағайындалған бұл аурудың есебін ел билігі тек 1 тамыздан бері жүргізіп келеді. Бұл уақытта ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын бірақ ПТР тест теріс шыққан пневмония ауруының өршуі бәсеңдеп қалған.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, елде 1 қаңтар мен 2 тамыз аралығында 256 мың адам пневмонияға шалдыққан. Министрлік оның нешеуі бактериялық, нешеуі зең, нешеуі вирустық пневмония екенін айтпады. Қайтсе де, бұл науқастардың ешқайсысы коронавирус статистикасына кірген жоқ.

1 тамыз бен 24 аралығында коронавирус пневмониясы диагнозы 36 895 адамға қойылған. Оның 393-і көз жұмды.

Қазақстан билігі коронавирус пневмониясы дерегін Covid жөніндегі ұлттық статистикасына қоспай отыр. Джонс Хопкинс университеті Қазақстан дерегін осы ұлттық статистикаға сүйеніп жарияласа, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы екі деректі біріктіріп көрсетіп отыр. Екі статистиканы қосқанда Қазақстанда коронавирус ауруына шалдыққаны расталғандар саны 147 297 болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG