Accessibility links

Украинада жергілікті сайлау өтіп, бүкілхалықтық сауалнама жүріп жатыр


Украина президенті Владимир Зеленский.
Украина президенті Владимир Зеленский.

Жексенбі, 25 қазан күні Украинада жергілікті сайлау өтіп жатыр. Елде сондай-ақ президент Владимиро Зеленскийдің бастамасымен бүкілхалықтық сауалнама жүріп жатыр.

Жоғарғы Раданың қаулысында мәлімденгендей, "25 қазанда жергілікті кеңестердің, ауыл, поселке және қала басшыларының сайлауы өтеді".

Дауыс беру 8.00-20.00 уақыты аралығында өтеді.

Interfax агенттігінің мәліметінше, сауалнамада бес сұрақ бар: ірі көлемдегі парақорлық үшін бас бостандығынан өмір бойына айыру тәртібін енгізу қажеттігі; Донбаста еркін экономикалық аймақ құруды қолдау-қолдамау мәселесі; Жоғарғы Рада депутаттарының санын 450-ден 300-ге дейін төмендету; каннабисті (есірткі) заңдастыру; Будапешт меморандумымен (Украинаның ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімге қосылуына байланысты қауіпсіздік кепілдігі жөніндегі мемлекетаралық құжат) анықталған қауіпсіздік кепілдігі мәселесін халықаралық деңгейге шығару.

Мұның алдында президент кеңсесі сауалнаманың референдум емес екенін, сол себепті оның нәтижесі міндетті түрде құқықтық өзгеріске әкеледі дегенді білдірмейтінін айтты.

Бұл сайлау ел президенті Владимир Зеленский үшін сынақ болмақ. Кейінгі сауалнамаларға сәйкес, украиндардың 70 пайызы ел бұрыс бағытта кетіп барады деп санайды, ал Зеленскийдің рейтингі 50 пайыздан төмендеген.

Rating Group агенттігі жүргізген сауалнамаға қарағанда, президенттің "Слуга народа" дейтін партиясы нақты бағдарламасы не идеологиясы жоқ популистік партия деп бағаланып отыр. Болжам бойынша, бұл партия дауыстың шамамен 17 пайызын алуы тиіс. 2019 жылғы шілдедегі кезектен тыс парламент сайлауында бұл партия дауыстың 54 пайызын алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG