Польша президенті Анджей Дуданың Covid тесті оң нәтиже берді. Бұл туралы оның баспасөз хатшысы Блажей Спихальский хабарлады. Айтуынша, мемлекет басшысының халі жақсы.
Дуданың коронавирус ауруына шалдығуы Польшада Covid індетінің ушығуына тұспа-тұс келді. Елде вирус жұқтырғандар мен аурудан қайтыс болғандар саны күрт артып отыр. Өткен тәулікте елде 13 632 Covid науқасы тіркелген. Бұл – рекордтық көрсеткіш.
23 қазандағы мәліметке қарағанда, елде 119 054 адам емделіп жатыр. Сол күні Дуда Варшавадағы госпитальге айналып жатқан ұлттық стадионды көріп қайтан еді.
Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, індет басталғалы Польшада барлығы 241 946 адамның вирус жұқтырғаны расталған.
Вирус жұқтырғандар қатарынан артуы денсаулық сақтау жүйесіне шамадан тыс салмақ түсіріп, адамдар жалғыз Covid қана емес, өзге де аурулардың қайтыс болып жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, емдейтін адам тапшы. Үкімет жедел госпитальдер ашуға дайындалып жатыр. Бірақ емдеуге жұмылатын дәрігерлер мен медқызметкерлердің қайдан алынатыны белгісіз.
ПІКІРЛЕР