Accessibility links

Нұр-Сұлтанда қамалған белсендіге қысым жасалғаны хабарланды


Көрнекі сурет.

26 қазанда таңертең астаналық он шақты белсенді қалалық прокуратураға барып, демалыс күндері саяси тұтқындарды қолдаған белсенділердің полиция құқайына ұшырағанын айтып, шағымданды.

24 қазанда Нұр-Сұлтанда бір топ белсенді асар өткізіп, саяси көзқарасы үшін абақтыда отырған тұтқындардың отбасына жылу жинамақ болған белсендіні полиция ұстап әкеткен болатын. Олардың бірі Назым Серікпекованың соққыға жығылғаны да хабарланды. Белсенділердің сөзіне қарағанда, Назым Серікпекова мен тағы екі белсенді Гүлмира Қалықова, Гүлжанат Темірхан 25 қазанда сотқа тартылып, 10-15 тәулікке қамалған.

- Қамалғандардың құқығын қорғау үшін прокуратураға шағым жазуға келіп тұрмыз. Оларды сот болғанға дейін бір тәулік бойы полиция бөлімшесінде ұстаған. Оған дейін хабар болмаған соң бөлімшеге іздеп барып, тауып алдық. Негізі заң бойынша телефон соғуға рұқсату берулері керек еді. Бірақ ондай болған жоқ, - дейді Айнұр Мырзалиева. Оның сөзіне қарағанда полиция белсенділерді күшпен ұстаған.

Sud.kz сайтында сот шешімі жарияланбаған, алайда үш белсендінің ісі судьяға берілгені көрсетілген. Олардың ісін судья Эльвира Есжанова қараған.

Дүйсенбі күні Байқоңыр аудандық прокурорының орынбасары Тимур Өтеубаев Азаттыққа белсенділер "шағымы қаралады, одан артық комментарий бере алмаймын" деп жауап берді.

Азаттық тілшісі Нұр-Сұлтан қаласының полициясынан да жауап ала алмады.

24 қазанда полиция шарадан хабар таратқан Азаттық тілшісі Сәния Тойкеннің де "өзін журналистпін" деп таныстырғанына қарамастан телефонын тартып алып, өзін жұлқылап итеріп, автобусқа кіргізген. Соның кесірінен Тойкен жығылып, қолы мен тобығын жарақаттап алған. Полиция тілшіні автобусқа кіргізгеннен кейін телефонын қайтарып, қайта босатып жіберген. Оқиғаны тікелей эфирде бақылаған көптеген қолданушылар полицияның тілшіге күш қолдануын айыптады. Қазақстанның тең құқықты журналистер федерациясы ішкі істер министрінен "тілшінің кәсіби міндетіне кедергі келтіріп, күш қолданған полицейлерді жауапкершілікке тартуды талап етті".

Нұр-Сұлтан қаласында сенбі күні "Асар" акциясы Кенесары хан кесенесі жанында өткен. Шара қатысуға келген он шақты адам қолдан жасалған бұйымдарын әкеліп, сатуға қойған. Олар саяси белсенділердің суреттері және банк реквизиттері бейнеленген плакаттарды ұстап, саяси белсенділерге қолдау білдіруге шақырған. Ал әкімдік өкілдері шараны "бейбіт жиын туралы заңға қайшы" деп атап, тарауын сұраған. Кейіннен белсенділердің бәрін полиция ұстап әкеткен.

  • 16x9 Image

    Нұргүл ТАПАЕВА

    Нұргүл Тапаева 2012 жылы Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін журналистика мамандығы бойынша бітірген. 2008 жылдан бастап қалалық, облыстық, республикалық телеарналарда журналист, редактор болып жұмыс істеген. 2016 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG