Accessibility links

"Ақорда маңына көшіп келемін". Жалғыз баспанасынан айырылған әйел Тоқаевтан көмек сұрады


Кішкентай ұлымен бірге Ақорда маңында пикет өткізіп тұрған Нұрила Исакова. Нұр-Сұлтан, 26 қазан 2020 жыл.

26 қазанда көкшетаулық Нұрила Исакова Нұр-Сұлтандағы президент әкімшілігіне құжаттарын көтеріп, тағы келді. Ол бір адамдық пикет өткізіп, отыз жылдан бері Көкшетауда тұрып жатқан жер үйін заңдастыра алмай жүргенін айтып, наразылық білдірді.

«Менің үйімді қайтарыңдар! Балаларыммен бірге қайда тұрамын? Ақ Орда маңына көшіп келемін» деген жазуы (орыс тілінде) бар плакат көтерген әйел президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан үйінің құжатын алып беруге көмектесуін сұрады.

- Мен осы үйде өмір сүріп жатырмын. Салық төлеп келемін. Ал олар болса, менің құжаттарымды бұрмалап отыр. Маған көмектесіңіздерші, адамдар, өтінемін сіздерден! Тоқаев мырза, егер сіз мені көріп тұрған болсаңыз, маған көмектесіңізші, тұтас бір министрлікті емес, шағын жер кепемді сұрап тұрмын, - деп жылады ол.

43 жастағы Нұрила Исакова биыл тамызда да Нұр-Сұлтанға келіп, биліктен баспанасын заңдастыруға көмектесуін сұраған болатын. Жалғызбасты әйелдің сөзінше, Көкшетауда ол тұрып жатқан жер үй келесі аптада сүрілмек.

Оның сөзіне қарағанда, Көкшетаудағы базар маңына орналасқан жер үйді ол 1992 жылы сатып алған, алайда 2013 жылдан бері рәсімдей алмай жүр. Жалғызбасты ана 30 жылдан бері салығын төлеп, көп қаражат салған үйінен сатып алу-сату туралы келісімнің дұрыс рәсімделмеуі салдарынан айырылуы мүмкін екенін айтады.

Көкшетау тұрғыны үйін рәсімдей алмай жүргенін "жергілікті органдардағы жемқорлықтан" көреді. "Үйі тұрған жер құнының өсіп кетуіне байланысты әлдебір лауазымды шенеуніктер көз салып жүр" деп санайды.

Нұрила Исакова арызын президент әкімшілігі мен жоғары сотқа апарып өткізді. Оны бірнеше полиция өкілдері мен арнайы жасақ бақылап тұрды.

Нұрила Исакова тамыз айында астанаға келген кезде бас прокуратураға арызданған еді.

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG