Accessibility links

Қытай Шыңжаңдағы Қашқар қаласының барлық тұрғынынан коронавирус тестін алып жатыр


Медициналық жұмысшылар Шыңжаң тұрғындарынан анализ алып жатыр. 2020 жылдың шілдесі.
Медициналық жұмысшылар Шыңжаң тұрғындарынан анализ алып жатыр. 2020 жылдың шілдесі.

Қытай билігі Шыңжаңдағы Қашқар қаласында бір адамнан симптомсыз коронавирус табылған соң осында тұратын 4,7 миллионға жуық адамнан коронавирус тестін алып жатыр.

Қашқардағы мектептер жабылды. Тұрғындар тек қолында анализінен коронавирус табылмағанын дәлелдейтін анықтамасы болса ғана көшеге шыға алады.

Жергілікті биліктің хабарлауынша, Қашқар маңындағы Шуфу уезіндегі тігін цехінде жұмыс істейтін әйелден вирус табылған соң жаппай тестілеу жүргізуге шешім қабылданған. Сенбіде басталған жаппай тестілеу кезінде 137 адамнан коронавирус табылғаны, олардың барлығы симптомсыз екені хабарланды.

Ағылшындық ВВС сайтының жазуынша, Қытай сипмтомы жоқтарды ресми статистикаға қоспайды. Пекиннің ресми статистикасы бойынша, қазір елде 85 810 адамнан вирус табылған.

Қашқар билігі жексенбі түске дейін 2,8 миллион адамнан тест алынғанын, қалған тұрғындар екі күн ішінде анализ тапсыратынын айтады.

Қытай билігі қандай да бір қаладан коронавирус табылса, бірден жаппай тестілеу жүргізіп келеді. Қазанда бұл ел Циндао қаласында тұратын 9 миллион адамнан тест алған. Ал коронавирус алғаш табылған Ухан қаласында тұратын 11 миллион адам мамырда тест тапсырған еді.

Қашқар – Қытайдың Шыңжаң өлкесінде ең ірі қалалардың бірі. Шыңжаң өлкесінде көбіне ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандар тұрады.

Құқық қорғаушылар мен БҰҰ Қытай билігі Шыңжаңда миллионнан астам ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылманды лагерьде қамап ұстап, олардың тілін, мәдениетін жоймақ деп мәлімдеген. Лагерьде қамалып шықтық деген қазақтар бұл жерді түрме деп сипаттаған.

Қытай билігі лагерьлерді "кәсіп меңгеру орталығы" деп атап, Шыңжаңдағы шараны "экстремизммен күрес" деп мәлімдеп келеді.

Австралия стратегиялық саясат институтының (ASPI) 24 қыркүйекте жариялаған зерттеуінде Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі мұсылмандарды ұстайтын лагерьлердің 40 пайызға артқаны айтылады.

Пекин Шыңжаңдағы саясаты үшін халықаралық қауымдастықтан сынға ұшырады. АҚШ мұсылмандарға қысымнан кейін Пекинге бірнеше санкция да салып, Шыңжаңда өндірілген тауарлардың экспортына тыйым салды. Еуропа елдері Қытайдан Шыңжаңға тәуелсіз сарапшыларды кіргізуді талап етеді. Пекин Шыңжаңға БҰҰ мен Батыс елдерінің ресми өкілдерін кіргізбей отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG