Accessibility links

"Зейнетақы қорына ақша аудармаған". Қарағандыда шахтерлер жұмыс берушіні сотқа берді


Қарағанды облысындағы шахталардың бірі.
Қарағанды облысындағы шахталардың бірі.

Қарағандыдағы "Кировская" шахтасының 45 жұмысшысы жұмыс беруші Altyn Komir Service компаниясын сотқа берді. Жұмысшылардың сөзінше, компания ұзақ уақыт бойы зейнетақы қоры мен медициналық сақтандыру қорына ақша аудармаған. Бұған қоса, шағымданушылар компания шахтерлердің еңбек еткен жылдарына төленетін төлемді де тоқтатқанын айтады.

Шахтерлердің Азаттық тілшісіне айтуынша, компанияның салғырттығынан 300-дей жұмысшы зардап шеккен, бірақ барлығы сотқа шағымданбаған. Жұмысшылар зейнетақы қорынан алған анықтамадан компанияның қорға ақшаны жартылай аударғанын, кейде мүлде аудармағанын байқаған.

— Егер адам зейнетақы қорына ақша аудармаса, салық төлемесе айыппұл салып, соңғы тиынына дейін алып алар еді. Ал кейбіреулерге ақша аудармауға болады екен, — дейді арызданған шахтерлердің бірі Василий Шейко.

Шахтерлердің құқығын қорғап жүрген заңгер шағымда дәлел болатын құжаттар барын айтады.

— Бұл — даулы жағдай емес, бұл — қолда бар дерек. Компанияның өзі мұны қаржы мәселесімен байланыстырады. Бірақ жұмыс беруші зейнетақы қорына, басқа да қорларға ақша аударуы тиіс ғой, — дейді заңгер Александр Пак.

Altyn Komir Service компаниясы басшылығынан пікір алу мүмкін болмады. Компания кеңсесіндегілер журналист хабарласқанын білген соң басқа телефон нөмерін берген, бірақ ол нөмерге күні бойы хабарласқанымен жауап болмады.

Шахтерлер шағымында зейнетақы қоры мен медсақтандыру қорына тиісті қаржыны аударуды, еңбек еткен жылдарына төленетін төлемдерді толық төлеуді талап етеді.

Шахтерлер Азаттыққа бұған дейін еңбек инспекциясына, прокуратураға, депутаттарға хат жазғандарын, бірақ жауап болмағанын айтады.

Облыс әкімдік шахтерлердің шағымынан хабардар.

— Облыс әкімдігі жағдайдан хабардар. Қазір жұмысшылардың жұмыс беруші үстінен жазған шағымына байланысты сот болып жатыр. Компания басшылығымен де келіссөз жүргізіп жатырмыз, — деді Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Марина Шаповалова.

Қарағанды облысы еңбек инспекциясы басқармасы Азаттыққа шахтерлерден шағым түскенін растады. Инспекция басшысы Ирина Любарскаяның сөзінше, шахтерлердің хаты "мемлекеттік табыс департаментіне жолданған".

Қазақстан заңына сай, жұмыс беруші жұмысшысына зейнетақы қорына жалақысынан 10 пайыз аударуы тиіс. Бұған қоса, жұмыс беруші жұмысшы үшін медсақтандыруға табысынан 2 пайыз аударуы тиіс.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG