Accessibility links

Оралда белсенділердің митинг өткізуіне үшінші рет рұқсат бермеді


Мақсат Айсауытов әкімдікке митинг өткізу жөнінде ескерту тапсырғалы тұр. Орал, 23 қазан, 2020.
Мақсат Айсауытов әкімдікке митинг өткізу жөнінде ескерту тапсырғалы тұр. Орал, 23 қазан, 2020.

Бауыржан Әліпқалиев пен Мақсат Айсауытовтың митинг өткізу жөніндегі ескертуін Орал әкімдігі 23 қазанда үшінші мәрте кері қайтарды. Бұл жолы билік “коронавирус таралуының алдын алу мақсатында қолға алынған шаралар негізінде” белсенділердің митинг өткізуіне тыйым салды. Шара 31 қазанға белгіленген болатын. Белсенділер бұл шарада саяси қуғындауды тоқтатып, елде саяси реформалар бастауды талап етпек болған.

Шараны өткізу жөнінде бастама көтергендердің бірі Бауыржан Әліпқалиев әкімдікке ескерту тапсырып жатқан кезде Азаттыққа: “31 қазанда бейбіт митинг өткізуге рұқсат алған алматылық белсенділерді қолдағымыз келеді. Бір қалада шараны өткізуге рұқсат берсе, демек, бізге де рұқсат беруі тиіс” деген.

Төрт күннен соң митинг ұйымдастырушылар Орал қалалық әкімдігі ішкі саясат бөлімінен жауап алды. Биліктің құжатында азаматтық белсенділердің шара өткізуіне “тыйым салынатыны” айтылған. Бұған елдің бас санитарлық дәрігерінің 23 қазандағы қаулысы негіз болған.

“Адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау және республика тұрғындары арасында коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында коронавирусты жұқтырудың профилактикалық шаралары қабылданды. Жоғарыда аталған қаулы бойынша, облыс аумағында адамдар жаппай қатысатын шаралар ұйымдастыруға тыйым салынады” делінген Орал қалалық әкімдігінің жауабында.

Орал билігі бастамашыл топтың митинг өткізуіне осымен үшінші рет қарсы болды. Мұның алдында әкімдік “көрсетілген орын бейбіт жиын өткізуге рұқсат етілген орындар тізіміне кірмейді” деген себеп айтқан еді.

Батыс Қазақстан облысының санитарлық дәрігерлері аймақтағы эпидемиялық жағдайды “салыстырмалы түрде тұрақты” деп санайды. Ресми мәлімет бойынша, соңғы бір аптада облыста Covid жұқтырған 47 адам тіркелген. Дәрігерлердің айтуынша, аурудың таралу көрсеткіші 0,01 пайыз. Соған қарамасан, облыста кісі көп қатысатын шараларға шек қойылды.

Билік митинг өткізуге тағы да рұқсат бермеген соң белсенділер 31 қазанда Алматыда құқық қорғаушылар Бақытжан Төреғожина мен Ғалым Ағелеуов өткізетін рұқсат етілген митингіге қатысуды қарастырып жатқандарын айтты. Шараға рұқсат алғаннан аз уақыт өткен соң Алматының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин эпидемиялық жағдайдың “өзгеруіне” байланысты “көп кісі қатысатын митингілерге тыйым салу мәселесін” қарастырып жатқандарын мәлімдеді. Ал құқық қорғаушылар болса, митингіні өткізбеу жөнінде ешқандай ескерту алған жоқпыз дейді.

Шымкент, Ақтөбе сияқты басқа қалаларда да 31 қазанда митинг өткізуге рұқсат алуға талпынып жатқандар бар. Бірақ олардың барлығына “болмайды” деген жауап келген.

Биыл қабылданған бейбіт жиындар туралы заңға сәйкес, азаматтар бейбіт митинг өткізу ниеті жайында билікке күні бұрын ескертуі тиіс. Әкімдік шараны қолдамаса, онда ол “заңсыз” болып саналып, ұйымдастырушылар әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін.

Биылғы 25 мамырда қабылданған заң бейбіт жиындар ұйымдастыру мен оларға қатысуды оңайлатуы тиіс болған. Заң қабылданған кезде президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның “басты ерекшелігі” – “рұқсат алу қажеттігі” болмай қалды деген. Заңды көптеген халықаралық құқық қорғау ұйымдары сынға алған. Олардың айтуынша, жаңа құжат керісінше бейбіт митинг өткізуді қиындатып, биліктің мұндай шараларды бақылауына көбірек мүмкіндік береді. Қазақстан азаматтарының бейбіт жиын өткізу құқығы елдің Конституциясында жазылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG