Accessibility links

АҚШ мемлекеттік хатшысы Пашинян мен Әлиевті соғысты тоқтатуға шақырды


АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Армения премьер-министрі Никол Пашинян мен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевті соғысты тоқтатып, келіссөз үстеліне отыруға шақырды.

АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, сейсенбі күні түстен кейін Помпео Армения және Әзербайжан басшыларымен телефон арқылы сөйлескен.

Өзін республика жариялаған Таулы Қарабақ билігі 27 қазанда Лачин қаласының шабуылға ұшырағанын хабарлады. Армения мен Қарабақты жалғайтын негізгі жол осы қала арқылы өтеді. BBC сайтының жазуынша, егер әзербайжан әскерилері жолды басып алса, армян күштері "үлкен қиындыққа" тап болады.

Тараптар осыған дейін атысты тоқтату туралы бірнеше рет келісім жасасқан, бірақ көп жағдайда келісім мерзімі күшіне енбей жатып, екі мемлекет бір-бірін келісім шарттарын бұзды деп айыптайды.

Армения мен Әзербайжан арасында Таулы Қарабақ үшін қақтығыс 27 қыркүйекте қайта күшейді. Әзербайжан аумағында орналасқан, бірақ этникалық армяндар тұратын Таулы Қарабақ 1991 жылы тәуелсіздігін жариялаған. Бірақ әлем елдері Таулы Қарабақтың тәуелсіздігін мойындамады. Ереван мен Баку кейінгі аптада жағдайды ушықтырды деп айыптаған. Екі жақтан да қаза тапқандар бар. Қақтығыстан ондаған бейбіт тұрғын қайтыс болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG