Accessibility links

Орталық Азия студенттері Ресей билігінен елге кіруге рұқсат беруді сұрады


Мәскеу мемлекеттік университетінің аудиториясында отырған студенттер. Көрнекі сурет.
Мәскеу мемлекеттік университетінің аудиториясында отырған студенттер. Көрнекі сурет.

Ресейде оқып жатқан шетел студенттері Ресей үкіметіне ашық хат жазып, оқуларын сол елде жалғастыруға мүмкіндік беруді сұрады. Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, студенттердің ресейлік университеттері ұсынып отырған қашықтан оқу бағдарламасына көңілі толмай отыр.

"Біз оқуымызды дәстүрлі форматта жалғастыруымыз қажет. Арамызда медицина, техникалық, қолданбалы және практикалық мамандықтарды меңгеріп жүрген студенттер бар. Біз зертхана, арнайы әдебиеттері бар кітапхана, практикалық курстар мен семинарларға қатыса алмаймыз. Сол себепті кейбіріміз диплом мен диссертация қорғау мүмкіндігінен айырылдық" делінген мәлімдемеде.

Қыркүйек айының басында Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров "мәселе жақын арада шешіледі" деп айтқан. Алайда Ресейде коронавирусқа байланысты карантин шаралары қайта күшейген.

Хатқа Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан студенттері қол қойған.

Санкт-Петербургтегі заң университетінде 1-курс оқитын 19 жастағы Ильхом жыл сайын 1800 доллар төлеп оқитын оқуын Ресейде жалғастырғысы келетінін айтады.

"Күн сайын 90 минуттан 4 сабақ өтеді. Қазір Ферғанадамын, бірақ бәрібір Ресейге барып, сабақ оқығандай болмайды. Жыл сайын оқуға 1800 доллар төлеймін. 5 мың доллар төлеп оқитын студенттер де бар. Олар да мен сияқты осында қалып қалды" дейді хатқа қол қойған студенттердің бірі Ильхом.

Ашық хат авторларының айтуынша, олар осыған дейін Ресей шекара қызметінен шетел студенттеріне елге кіруге уақытша шектеу қойылғаны жайлы хабарлама алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG