Accessibility links

Шетелден ПТР тестінсіз келетін қазақстандықтардың карантин мерзімі ұзарды


 Алматы халықаралық әуежайы. 1 мамыр, 2020.
Алматы халықаралық әуежайы. 1 мамыр, 2020.

Covid-ке қатысты ПТР-тесті жоқ қазақстандықтар мен елде тұруға ықтиярхаты бар адамдар шетелден Қазақстанға келсе, жеті күн карантинде жатуы тиіс. Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Ерлан Қиясовтың қаулысында осындай ереже жазылған. Бұған дейін шетелден ұшақпен ұшып келген азаматтар тест тапсырғаны туралы анықтамасы болмаса, екі тәулік карантинге жатқызылатын.

Көбіне қонақүйлерден жасалған карантин стационарында жатқан адамның ПТР анализі коронавирус жоқ екенін көрсетсе, Covid симпомдарын түсіндіріп, қолхат алған соң оны босатады. Вирус жұқтырған болып шықса, жолаушы инфекциялық стационарға жатқызылады.

Жаңа қаулыға сәйкес, "Қазақстан Республикасының шекарасын кесіп өтетін адамдардың барлығы ПТР әдісімен жасалған Covid тестінің теріс нәтижесі туралы анықтама көрсетуі тиіс". Мұның алдындағы қаулыда "теріс нәтиже" деген сөз болмаған.

Оның үстіне, жаңа ереже бойынша, ПТР тестімен расталған анықтамасы жоқ басқа ел азаматтары не Қазақстанда тұруға ықтиярхаты жоқ кісілер елге келетін ұшаққа отырғызылмауы керек. Мұның алдында тек Қазақстан азаматтығы жоқ адамдар ғана ұшаққа отырғызылмайтын.

Шетелдерден ұшып келетін азаматтарға қатысты ережелер жиі өзгеріп отырады.

22 қазанда Қазақстанның көліктегі бас санитарлық дәрігері Сәдуақас Байғабылов ПТР тесті жоқ қазақстандықтардың еліне оралуына тыйым салған. Алайда, 27 қазанда бұл талаптың күші жойылды, сөйтіп мұның алдындағыдай тек Covid-қа анықтамасы жоқ басқа ел азаматтарының Қазақстанға келуіне шек қойылды.

27 қазандағы мәлімет бойынша, коронавирусқа ПТР тест анықтамасының мерзімі өткен немесе ПТР емес, экспресс-тест туралы анықтамамен келген 31 шетелдік депортацияланған. Олардың арасында Ресей, Украина, Беларусь, Түркия, Ұлыбритания және Германия азаматтары бар. 27 қазанда Сәдуақас Байғабылов ПТР тест нәтижесі туралы анықтамасы жоқ адамдарды ұшаққа отырғызған әуе компанияларына айыппұл салынатынын айтты.

26 қазаннан Қазақстанның Украина, БАӘ, Беларусь және Түркиямен арадағы әуе рейстері азайтылды. Бұған осы елдердегі эпидемия жағдайы себеп болған.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырған 111 мыңнан астам адам тіркелген, 1825 кісі осы дерттен көз жұмған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG