Accessibility links

Оралда прокурор әйелін кепілге алды деп айыпталған тұрғынды 13 жылға соттауды сұрады


Ираида Исламғалиева. 9 маусым 2020 жыл.
Ираида Исламғалиева. 9 маусым 2020 жыл.

Орал қаласында өтіп жатқан сотта прокурор әйелін кепілде ұстаған тұрғын Ерлан Исламғалиевті 13 жылға соттауды сұрады. Прокурор айыпталушы жазасын қатаң режимдегі түрмеде өтеуі тиіс деп санайды.

Исламғалиев "былтыр қарашада әйелі Ираида Исламғалиеваны кеңседе пышақпен және гранатамен қорқытып, кепілді ұстады" деп айыпталған. Оған Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша айып тағылған.

Істі судья Шара Зайнуллина қарап жатыр. Жәбірленушінің құқығын қорғап жүрген "НеМолчи.kz" құқық қорғау қорының өкілдері Дина Смаилова мен Алмат Мұхамеджанов 28 қазанда жарыссөз өткенін хабарлады.

- Жағдайды білу үшін Оралға келдік. Облыс прокурорымен және полиция департаменті өкілімен кездестік. Іс бірнеше эпизодтан тұрады, өте күрделі. Ираиданың жағдайына алаңдаймыз, себебі айыпталушы сот процесі кезінде оны қорқытқан, - деді Смаилова 28 қазандағы брифингте.

Жәбірленуші Ираида Исламғалиева прокурор сұраған жазамен келіспейтінін айтады. Ол айыпталушы өмір бойына сотталуы тиіс деп санайды.

- Жарыссөзде соңғы сөз айтып тұрып, ол мені қорқытып, түрмеден шыққан соң "есептесетінін" айтты. Адамды түзеу үшін бас бостандығынан айырады емес пе? Ерлан сотта "мен түзелмеймін, мені ешкім түзей алмайды" деп салды, - дейді Ираида Исламғалиева.

Айыпталушының адвокаты Руслан Шағатаев Азаттық тілшісіне үкім шыққанға дейін іске қатысты пікір бере алмайтынын, процеске қатысушылар іс жайлы жарияламау туралы қолхатқа қол қойғанын айтты.

Бұл оқиға бойынша сот екі айдан бері өтіп жатыр.

Іс барысында Ираида Исламғалиеваға да арыз түсіп, оның үстінен сегіз ай тергеу жүрді, бірнеше қылмыстық іс қозғалды.

- Адвокат Шағатаевтың шағымы бойынша Ираида Исламғалиеваның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Кейбір тоқтатылды, кейбірін тергеу басқармасы тексеріп жатыр, - деді БҚО полиция департаментінің өкілі Болатбек Белгібаев.

Ираида Исламғалиеваға қандай баптармен қанша іс қозғалғанын "тергеу құпиялығына" сілтеп, айтудан бас тартты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG