Accessibility links

Қырғызстан Қазақстаннан қаржылай көмек сұрады


Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин (оң жақта) және Қырғызстан сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаев. Нұр-Сұлтан, 29 қазан 2020 жыл.
Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин (оң жақта) және Қырғызстан сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаев. Нұр-Сұлтан, 29 қазан 2020 жыл.

29 қазанда үкімет жетекшісі Асқар Мамин Нұр-Сұлтанда Қырғызстан сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаевпен кездесіп, тараптар Қырғызстандағы саяси-экономикалық ахуал, қазақстандық инвестицияның қауіпсіздігін сақтау мәселесін талқылады.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, қырғыз тарабы Қазақстан жағынан індет қайта өршіген шақта дәрі-дәрмек, қорғаныш заттармен қамтамасыз ету бойынша жәрдемдесуін сұраған. Бюджет тапшылығы мен азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешу үшін қаржылай көмек беруді өтінген.

Қазақстан тарабының бұған қалай жауап бергені белгісіз. Қазақстан үкіметінің сайтында кездесу жайлы жалпы ақпарат қана жазылған.

Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі өткен аптада Еуроодақтан қаржылай көмек сұраған еді.

Осыған дейін Ресей 6 қазан күнгі оқиғадан кейін Қырғызстанға беремін деп отырған 100 млн доллар көмегін тоқтатып тастаған.

Биыл коронавирус індетінің кесірінен Қырғызстанның мемлекеттік бюджеті 30 млрд сомға (шамамен 365 млн доллар) толмай қалған. Үкімет жетпеген қаражатты толтыру үшін халықаралық донорлардан 500 млн доллар көлемінде көмек сұрап, жартысынан көбі мақұлданған. Үкімет түскен қаражатты бюджет қызметкерлерінің жалақысын, зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге жұмсайтынын хабарлаған.

6 қазандағы оқиғадан кейін Қырғызстанда билік толық ауысты. Президент Сооронбай Жээнбеков "ел тыныштығы үшін" қызметінен кетті. Демонстранттар талабымен қамаудан шығып, ізінше премьер-министр болған Садыр Жапаров 16 қазаннан бері президент міндетін уақытша атқарып келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG