Accessibility links

Өзбекстанда Макрон мәлімдемесіне қарсылық ретінде Франция туын жұлып тастады


Қонақ үй алдында ілініп тұрған француз туын жұлған белсендінің жазбасынан алынған скриншот.
Қонақ үй алдында ілініп тұрған француз туын жұлған белсендінің жазбасынан алынған скриншот.

Өзбекстан шығысындағы Наманган қаласында жергілікті тұрғындардың бірі Эммануэль Макронның мәлімдемесіне қарсылық ретінде қонақ үйлердің бірінің алдында ілініп тұрған Франция туын жұлып тастаған. Бұл ақпаратты Азаттықтың Өзбек қызметі хабарлады.

Бұл әрекеті жайлы Facebook-та хабарлаған намангандық белсенді туды "қарсылық белгісі ретінде" жұлғанын айтып, "Наманганда француз туына орын жоқ" деп жазған. Осыған дейін әлеуметтік желіде Мұхаммед Икрам есімді ер адамның Франция президенті мен әйелінің суретін таптап тұрғаны туралы видео да жарияланған.

Наманган облысының әкімшілігі, ішкі істер министрлігі және Өзбекстан сыртқы істер министрлігі оқиғаға байланысты түсініктеме бермеді. Наманганда ең қымбат саналатын Grand Sherdor қонақ үйінің өкілі "туларды ауыстырып қойдық" деп айтқан. Азаттықтың Өзбек қызметінің тілшісінің өзге сұрақтарына жауап бермеген. Жергілікті полиция оқиғадан хабары жоғын айтқан.

Оқиғадан бірнеше сағат өткеннен кейін белсенді "ту жұлғаны жайлы" жазбасын өшіріп тастаған, себебін түсіндірмеген.

Францияда оқушыларға сабақ кезінде сөз бостандығы туралы айтып, Мұхаммед пайғамбардың карикатурасын көрсеткен мұғалім 16 қазанда өлтірілген. Осыдан кейін президент Эммануэль Макрон Франция сөз бостандығынан бас тартпайды, карикатураға да тыйым салмайды деп мәлімдеп, саясаткердің бұл сөзі Таяу Шығыстағы кейбір елдерде наразылық туғызған. Макронның саяси ислам жайлы мәлімдемесін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған "исламды қорлау" деп бағалап, француз өнімдеріне бойкот жариялаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG