Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов үкіметтің коронавирус жұқтырған медициналық қызметкерлерге өтемақы төлеуді тоқтату шешіміне пікір білдірді.
- Коронавирус жұқтырғандарды емдейтін қызметкерлер жалақысына үстемақы алады. Үстемақы да жаман емес. Осы өтемақы төлеуді тоқтатуға негіз болды. Өтемақыны тоқтату медқызметкерлер мен медициналық мекеме жетекшілерінің босаңсымай, эпидемияға қарсы шараларды күшейтуге себеп болады. Біз [жұмыста вирус жұқтырған дәрігерлерге] өтемақы төлеу артық деп санаймыз, - деді Қиясов 30 қазандағы брифингте.
Қазақстан билігі 20 қазаннан бастап жұмыста коронавирус жұқтырған дәрігерлерге 2 миллион теңге (4,6 мың доллар шамасында) өтемақы төлеуді тоқтатқан.
Қиясовтың сөзінше, елде пандемия басталғалы 12983 медқызметкер вирус жұқтырған. 21 қазандағы мәліметке сай, 8863 дәрігер вирус жұқтырғаны үшін өтемақы алған.
Ал денсаулық сақтау министрінің орынбасары Марат Шорановтың сөзінше, коронавирус жұқтырып қайтыс болған 182 медқызметкердің барлығының жақындары биліктен 10 миллион теңге өтемақы алған. Үкімет вирус жұқтырып көз жұмған дәрігерлердің туыстарына 10 миллион теңге өтемақы төлеуді қалдырды.
Елде вирус тарай бастағанда Қазақстан үкіметі індетпен күресетін медқызметкерлердің айлығына үстемақы қосатынын жариялаған. Ал вирус жұқтырған медқызметкерге 2 млн теңге, ал қайтыс болса жақындарына 10 миллион теңге беруге уәде еткен. Өтемақы тек вирусты жұмыста жұқтырғаны "дәлелденген" дәрігерлерге төленді.
Елде медқызметкерлерге айлығына үстемақы төлеу бойынша дау көктемнен бері жалғасып келеді. Көктем мен жазда ондаған медқызметкер вирус жұқтырғандарды емдесе де, айлығына үстемақы алатындар тізіміне енбей қалғанын айтқан. Кейбірі үстемақы дұрыс есептелмегенін де жеткізген.
Қазақстан билігі клиникалық белгілері коронавирусқа ұқсас дертке шалдыққан, бірақ ПТР тесті теріс науқастарды ресми статистикаға қоспай келеді. Тамыздан бастап билік анализінен коронавирус табылғандарды бөлек; анализі теріс, бірақ белгілері коронавирусқа ұқсас науқастарды бөлек есептеп келеді. Ал тамызға дейін індетке шалдыққан ондаған мың адам, мыңдаған марқұм ешқандай статистикаға енбей қалды.
ПІКІРЛЕР