30 қазан күні Қазақстанда 461 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Олардың бәрінде ПТР тестінің нәтижесі оң шыққан. Инфекция жұқтырғандардың жартысы Шығыс Қазақстан облысының үлесінде.
Кейінгі күндері Қазақстанда коронавирус ауруына шалдығушылар саны біртіндеп артып келеді. Өсім Шығыс Қазақстан облысын қаттырақ байқалады. Өткен тәулікте облыста 233 адамның Covid инфекциясын жұқтырғаны анықталған. Одан кейінгі орындағы Ақмола облысы мен Нұр-Сұлтан қаласында 39 және 31 науқас тіркелді. Павлодарда 25, Алматы қаласында және Солтүстік Қазақстан облысында 21 науқастан анықталды. Қызылорда облысында ешкімнің ПТР тесті оң нәтиже бермеді.
Елде вирус жұқтырғаны Covid тестімен расталған науқастар саны 111 953 болды. Оның 106 310-ы жазылған, 1844-і қайтыс болған. Бұл статистикаға коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам кірмейді.
Коронавирус жөніндегі ұлттық статистика 1 тамыздан бері есебі жүргізіліп келе жатқан ПТР тестімен расталмаған коронавирус пневмониясы дерегі де қосылмай отыр. Диагнозы тек ауру белгілері бойынша қойылатын коронавирус пневмониясы 1 тамыздан 30 қазанға дейін 37 574 адамнан анықталған, 399 адам қайтыс болған. Үкімет коронавирус пневмониясы дерегенің аймақ бойынша бөлінісін жүйелі түрде жарияламайды.
Джонс Хопкинс университеті секілді көптеген әлемдік ұйымдар мен дереккөздер Қазақстанның дерегін ПТР тестімен расталған науқастарға ғана сүйеніп беріп отыр. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстан билігі біріктірмеген екі деректі қосып жариялап жүр. Екі деректі қосқанда Қазақстанда коронавирусқа шалдыққанда 111 953 емес 149 527 болушы еді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ПТР тестімен расталмаған коронавирус пневмониясына да Covid кодын тағайындады. ПТР тестімен расталған науқасқа U07.01 коды тағайындалса, ПТР тестімен расталмаған коронавирус науқасына U07.02 коды тағайындалады. ДДСҰ кодтары әртүрлі болғанымен екеуінің бір ауру екенін мәлімдейді. Қазақстан коронавирус пневмониясы дерегін жүргізу жоспарын жариялағанда, оның дерегін Covid жөніндегі ұлттық статистикаға біріктіретінін айтқан. Бірақ 2 тамызда статистиканың біріктірілмейтіні белгілі болды.
Қазақстанның көршісі Қырғызстан 17 шілдеден бастап ПТР тестімен расталған науқастар мен ПТР тестімен расталмаған коронавирус пневмониясы науқастарының дерегін біріктіріп келеді.
ПІКІРЛЕР