Accessibility links

Қазақстанда бір күнде 172 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған


Коронавирус пандемиясы кезінде науқасты емдеп жатқан дәрігерлер. Көрнекі сурет.
Коронавирус пандемиясы кезінде науқасты емдеп жатқан дәрігерлер. Көрнекі сурет.

30 қазан күні Қазақстанда 172 адамның коронавирус пневмониясына шалдыққаны анықталды. Тәулік ішінде аурудың осы түрінен екі адамның өлімі тіркелді. Бұл туралы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Қазақстан билігі ПТР тестімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония есебін 1 тамыздан бері жүргізіп келеді. Үкімет дерегінше, тамыздың басынан қазанның аяғына дейін 37 746 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. Оның 401-і қайтыс болған.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазір коронавирус пневмониясынан 3795 адам емделіп жатыр. Оның 2337-сі стационарда, 1458-і амбулаториялық жағдайда ем қабылдап жатыр. 128 науқастың ахуалы нашар, 20 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.

Қазақстан коронавирус пневмониясы есебін жүргізгенімен, оны Covid жөніндегі ұлттық статистикаға қоспай отыр. Вирус жұқтырғандардың дүниежүзілік картасында әдетте Қазақстанның ресми дерегі көрсетіліп, коронавирус пневмониясының сандары айтылмайды. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанның екі дерегін біріктіріп көрсетіп отыр.

Covid жөніндегі ұлттық статистикаға тек ПТР тестімен расталған науқастар дерегі кіреді. 13 наурыз бен 31 қазан аралығында 111 953 адамның коронавирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған. Оның 1848-і қайтыс болған. Covid өлімі статистикасына коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам кірмейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG