Accessibility links

Молдовада президент сайлауы өтіп жатыр


Молдовадағы сайлау учаскесі. 1 қараша, 2020
Молдовадағы сайлау учаскесі. 1 қараша, 2020

1 қарашада Молдовада президент сайлауы өтіп жатыр. Елдің орталық сайлау комиссиясы сайлаушыларды учаскелерге әрі-бері топтап тасуды болдырмау үшін жолаушы көліктері қозғалысына шектеу қойғызды. Ұлттық транспорт агенттігі 1 қарашада орын саны сегізден асатын көліктердің жүруіне тыйым салып, көшелерде тексеру ұйымдастыратынын хабарлады. Бұл күні тек рейстегі автобустар мен микроавтобустардың жүруіне рұқсат берілді.

Коронавирус пандемиясына байланысты сайлау кезінде қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Сайлау учаскесіне келген әрбір адамға маска беріледі, әр сайлаушы өз қаламын ала келуі тиіс.

Учаскеге кірер алдында әр адамның дене қызуы өлшенеді. Сонымен бірге комиссия мүшелері мен бақылаушылардың да дене қызуы өлшеніп, арнайы журналға белгі соғылады.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, 2 млн 934 мың сайлау бюллетені басылған, 556 мың бюллетень шетелдердегі сайлау учаскелеріне жіберілген.

Сайлауды бақылауға ел ішінен 1887, шетелден 310 бақылаушы қатысады. Жарияланған тізімге қарасақ, ең көп бақылаушы - 1124 адамды тіркеген "Promo-LEX" қауымдастығы. "МИРАД" үкіметтік емес ұйымы 302 бақылаушы тіркеген. Ел ішіндегі барлық сайлау учаскелерінің барлығына президенттіктен үміткерлердің өтініші бойынша бір бақылаушыдан бекітілген. ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы 38 сарапшы мен 22 аудармашыны тіркеді. ТМД-ның парламентаралық ассамблеясынан 23 кісі бақылау жасамақ.

Бұрын Совет одағы құрамында болған бұл елде президенттіктен сегіз адам үміткер. Олар Ренато Усатый ("Біздің партия"), Андрей Нэстасе ("Абырой мен ақиқат" платформасы), Тудор Делиу (Либерал-демократиялық партия), Игорь Додон (Социалистер партиясы қолдаған тәуелсіз кандидат), Виолета Иванов ("Шор" партиясы), Майя Санду ("Әрекет және ынтымақ" партиясы, PAS), Октавиан Цыку (Ұлттық бірлік партиясы, PUN) және Дорин Киртоакэ (UNIREA сайлау блогы).

Түрлі болжамдарға, әлеуметтану зерттеулеріне қарағанда, Молдовадағы бұл жолғы президент сайлауы екі турдан тұрады. 15 қарашада өтетін екінші турға басты кандидаттар қазіргі президент Игорь Додон мен бұрынғы премьер-министр Майя Санду өтуі мүмкін. 2016 жылы да осы екі кандидат сайлаудың екінші турында бәсекеге түскен. Ол жолы бірінші турда Додон 48 пайыз нәтижемен қарсыласынан 10 мыңдай дауыс көп жинаған. Екінші турда Сандудан 4 пайыз (67 мыңдай дауыс) артық жинаған Игорь Додон жеңіске жеткен. Болжам бойынша, бұл сайлауда да жағдай шамамен осыған ұқсас болмақ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG