Accessibility links

Францияда шіркеу алдында оқ атты деген күдікті ұсталды


Франция полицейлер.
Франция полицейлер.

Францияның оңтүстігіндегі Лион қаласында грек православ шіркеуінің қасында оқ атты деп күдікке ілінген адам қамалды. Түр-әлпеті оқиға куәгерлерінің суреттеуіне сай келген адамның ұсталғанын Лион қалалық прокуроры Николя Жаке хабарлады.

Прокурордың айтуынша, ұстау кезінде күдіктінің ешқандай қаруы болмаған. Оның қылмысқа бар-жоқтығы бойынша тергеу жүріп жатыр.

Мұның алдына сенбі, 31 қазанда түстен кейін Лион қаласында белгісіз біреудің грек православ шіркеуінің алдында оқ атқаны хабарланған. Екі оқ тиген Николя К. есімді діндар ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Атыс жасаған кісі оқиға орнынан кетіп қалған.

Оқиғадан соң Лион полициясы қала аумағында және оның айналасында қылмыскерді ұстау операциясын бастаған. Француз баспасөзі президент Эммаунэль Макронның қалаларда полицейлер торуылын күшейтуді тапсырғанын жазды.

Соңғы апталарда Францияда діни негіздегі қақтығыстар жиілеп кетті. Бұған 17 қазанда сөз бостандығы сабағында Мұхаммед пайғамбарға жасалған карикатураны көрсеткен соң терроршының қолынан қаза тапқан Самюэль Патидің оқиғасы себеп болды.

Ницца мен Авиньон қалаларында пышақтау оқиғалары болған соң 29 қазанда Францияда террордың ең жоғары қаупі жарияланды. Премьер-министр Жан Кастекстің айтуынша, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге армия мен полиция жұмылдырылады.

Ниццадағы оқиғадан үш кісі қаза тапса, Авиньонда полицейлерге пышақ ала жүгірген адамды тәртіп сақшылары атып тастаған.

Франция президенті Макрон мұғалімнің қанды оқиғасын "исламшылдар ұйымдастырған теракт" деп атап, "Ислам дағдарысты бастан кешіп жатыр" деген пікір айтқан. Оның бұл пікірі әлем мұсылмандарының наразылығын туғызған. Мұсылман елдерінде Макронның мәлімдемелеріне қарсылық шерулері өткен, ал Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Франция басшысын "психикасын емдеу" жөнінде кеңес берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG