Accessibility links

Түркіменстан билігі тұрғындарға жаңа жылға дейін ел аумағын аралауға тыйым салды


Маска таққан жолаушылар. Ашғабат, 2020 жыл.
Маска таққан жолаушылар. Ашғабат, 2020 жыл.

Түркіменстан билігі тұрғындарға 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін ел аумағын аралауға тыйым салды. Басқа қала немесе елді мекенге сапарының мақсатын нақты негіздей алған адамдар ғана бара алады. Азаттықтың Түркімен қызметінің хабарлауынша, шектеу шарасы Ашхабад ресми түрде мойындамаған коронавирус індетімен байланысты болуы мүмкін.

Сапарлауға рұқсатты арнайы комиссия береді. Оның құрамына полиция, көші-қон қызметі, аймақ билігі, денсаулық сақтау саласының мамандары, ұлттық қауіпсіздік министрлік өкілдері кіреді.

Азаттықтың Түркімен қызметінің жазуынша, жаңа талаптың кесірінен астанада істейтін облыс тұрғындары Ашғабатқа жете алмай, көбінің ұшақ билеттері жоғалған.

Түркімен билігі наурыз айында да осыған ұқсас шектеу енгізген еді. Ол кезде темір жол және автобус қатынасы тоқтап, аймақтар арасында жолдар жабылды. Қазір бір аймақтан екінші аймаққа іс жүзінде тек ұшақ арқылы жетуге болады.

Ресми дерек бойынша, Түркіменстанда коронавирус инфекциясы жұққан бір де бір науқас тіркелмеген. Бірақ Орталық Азиядағы жабық мемлекеттен келіп түскен көп ақпарат жергілікті халық арасында коронавирус тарағанын растайды. Билік өкілдері қозғалысты шектеп, азаматтарға шаңнан "қорғану" үшін маска тағып жүруге кеңес берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG