Accessibility links

Нұр-Cұлтан соты санитарлық дәрігерлердің маска тағып, қашықтық сақтау талабы орынды деп шешті


Маска тағуды ескерткен жазу жазылған баннер.
Маска тағуды ескерткен жазу жазылған баннер.

Нұр-Сұлтандағы Есіл аудандық соты денсаулық сақтау министрлігінің коронавирус пандемиясына байланысты кейбір шектеулерін заңсыз деп тану туралы белсенділердің талап арызын негізсіз деп тапты. Сотқа арызданғандар арасында медицина ғылымдарының кандидаты, белсенді дәрігер Қайырғали Көнеев те бар. Бұл туралы Informburo сайты хабарлады.

Белсенділер антисептик пен жеке қорғаныш құралдарын қолдануды, медициналық маска тағуды талап ететін шектеулер азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзады деп санайды. Талап арызда белсенділер бас санитар дәрігерлердің ұжымдық, топтық, ойын-сауық шараларын өткізуге, 65-тен асқан адамдардың үйден шығуына, үш адамнан артық топтардың бірге жүруіне тыйым салатын қаулыларын заңсыз деп тануды сұраған. Белсенділердің айтуынша, бас санитарлық дәрігерлердің қаулылары заңға қайшы әрі азаматтарға заңнан тыс қосымша міндеттер жүктейді.

Сот процесі барысында денсаулық сақтау министрлігінің өкілі шектеу шаралары азаматтардың конституциялық құқығын бұзады деген пікірді жоққа шығарды.

Өз шешімінде сот биыл жазда қабылданған "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі" кодексіне сілтеме жасаған және құзырлы органның "Тұрғындардың санитарлық-эпидемиялық саулығын қамтамасыз ету бойынша құзыреті мен жауапкершілігінің шеңберінде" енгізілген санитарлық талаптар заңды деген шешім шығарған.

Сот шешімі заң күшіне енген жоқ.

Билік шектеу шаралары инфекцияның таралуын баяулатады деп үміттенеді. Қазанның басында билік өкілдері алдағы қыста ауру жұқтырудың күрт артуына маска режимін және арақашықтықты сақтамау себеп болуы мүмкін деген болжам айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG