Accessibility links

Біртанов қамалған соң "денсаулық министрлігінің қызметкерлерін тергеуге шақырған"


Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният бұрынғы министр Елжан Біртановтың қамалуына қатысты пікір білдірді.

– Өкінішке қарай, әрине, бұл – министрлік үшін ауыр ақпарат. Қазір құзырлы органдар айналысып жатыр. Солар ақ-қарасына көз жеткізер, – деді ол Азаттық тілшісінің сауалына жауабында.

Сондай-ақ, вице-министр тергеу амалдарының министрлік пен оның құрылымдық мекемелерінің жұмысына әсері туралы да айтты.

– Жалпы денсаулық сақтау министрлігіне қосымша жүк түсіп жатыр. Әрине, тергеу органдары құжаттармен де жұмыс істеп, біздің қызметкерлерді де тергеуге шақырып жатыр, – деді Ажар Ғиният.

Қазақстан қаржы министрлігінің қаржылық бақылау комитеті 3 қарашада елдің бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың қамауға алынғанын растаған.

"Қазақстан қаржы министрлігі қаржылық бақылау комитетінің экономикалық тергеу қызметі бюджет қаржысын аса ірі көлемде ысырап ету фактісі бойынша бұрынғы денсаулық сақтау министрі Е.А.Біртановқа қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр" делінген комитет хабарламасында.

Ресми мәлімдемеге қарағанда, сот Біртановты қамауға алуға санкция берген. "Тергеу мүддесіне сәйкес" қалған ақпаратты "жариялауға тыйым салынған".

Бұрынғы министр жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен қамалды деген мәліметті ақпарат құралдары өткен демалыста тарата бастаған.

49 жастағы Елжан Біртанов 2017 жылдың қаңтарынан биылғы маусым айының соңына дейін денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған. Ол коронавируспен ауырғандар саны күрт көбейіп, ауруханаларда орын жетпей қалған тұста отставкаға кеткен. Өзі де Covid-пен ауырған ол "емделуге кеткенін" хабарлаған. Оның орнына Алексей Цой қызметке келді, ал Біртанов ел көзіне түспей кетті.

Біртанов командасында министрдің орынбасары болып жұмыс істеген Олжас Әбішев тамыздың басында қамалды. Қыркүйекте бұрынғы вице-министрге ақпараттық жүйелер құру үшін бөлінген 500 млн теңгедей қаражатты жымқырды деген айып тағылғаны белгілі болды.

14 тамызда "СК-Фармация" компаниясы басқарма төрағасы Берік Шәріп тұтқындалды. Оған төтенше жағдай кезінде "құзыретін асыра пайдаланды", мұның соңы ауыр зардаптарға әкелді деген айып тағылды.

Бұрын денсаулық сақтау вице-министрі қызметін атқарған, дәрілік құралдарды экспертизалау жөніндегі ұлттық орталықтың бас директоры, Ерік Байжүнісовтың 29 қыркүйекте "бірнеше рет пара алды" деген күдікпен үйқамаққа алынғаны белгілі болды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі айдай күшінде болған төтенше жағдай алынып тасталған мамыр айынан кейін аурудың күрт көбеюіне тұрғындар және денсаулық сақтау министрлігінің "бұрынғы басшылығы" кінәлі деген.

Қазақстан – ТМД-да коронавирустан ең көп зардап шеккен елдердің бірі. Сарапшылардың көбі бұған жемқорлық, денсаулық сақтау саласындағы ашықтықтың жоқтығы сияқты жайттар себеп болды деген тұжырым жасаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG