Accessibility links

Невадада дауыс санау процесі уақытша тоқтатылды


АҚШ президенттігінен үміткерлер Джо Байден мен Дональд Трамп.
АҚШ президенттігінен үміткерлер Джо Байден мен Дональд Трамп.

АҚШ-тың Невада штатының басшылығы себебін түсіндірместен, президент сайлауында берілген дауыстарды санауды 5 қарашаға дейін тоқтататынын хабарлады.

Президенттіктен қос үміткер – Республикалық партия өкілі Дональд Трамп пен Демократиялық партия өкілі Джо Байден арасында бұл штатта ерекше тартысты бәсеке жүріп жатыр. Неваданың сайлау комиссиясы сайлау күні – 3 қарашада поштамен жіберілген дауыстарды, содан соң алдағы аптада келіп түсетін басқа да бюллетендерді санауға және дауыс берген кей азаматтардың аты-жөнін нақтылаудағы даулы мәселелерді шешуге уақыт керек екенін айтқан.

Невада – президент сайлауының қорытындысы әлі шықпаған алты штаттың бірі. Онымен бірге Джорджия, Мичиган, Солтүстік Каролина, Пенсильвания және Висконсин штаттарында соңғы нәтиже белгісіз болып тұр. Байденге сайлауда жеңіске жету үшін осы штаттардың кемінде үшеуінде, ал Трампқа төртеуінде жеңіске жету керек. Соңғы деректер бойынша, қазір Байден сайлаушылар алқасының 224 дауысын, ал Трамп 213 дауысын алып отыр. Жеңіске жету үшін кандидат сайлаушылар алқасының кемінде 270-інің дауысын алуы керек.

Невадаға сайлаушылар алқасының 6 дауысы тиесілі.

Штатта саналған бюллетендер саны 90 пайызға жетіп қалды. Ұлттық сайлау жүйесі сайтындағы мәлімет бойынша, Байден әзірге сәл ғана алда келеді. Ол 49,33, ал Трамп 48,69 пайыз дауыс жинап тұр.

Кей болжамдар бойынша, бұл жолы АҚШ-тағы президент сайлауында күні бұрын дауыс бергендер өте көп болған, сондықтан сайлауға қатысқандар саны бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жетіп, 150 млн адамнан асып кететін түрі бар.

Сырттай дауыс бергендердің бюллетендерін санау мерзімі әр штатта әртүрлі және кей жерлерде дауыс санау тіпті сайлау күнінен кейін де жүргізілуі мүмкін. Осының барлығын ескерсек, сайлаудың соңғы қорытындысы бірнеше аптадан соң ғана белгілі болуы мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG