Accessibility links

БҰҰ сарапшысы аз топтардың құқығын шектеуді айыптап, Қазақстан мен Шыңжаңға тоқталды


БҰҰ-ның дін еркіндігі жөніндегі арнайы баяндамашысы Ахмед Шахид.
БҰҰ-ның дін еркіндігі жөніндегі арнайы баяндамашысы Ахмед Шахид.

БҰҰ сарапшысы әлем елдерінің үкіметтерін аз топтардың құқықтары мен бостандығын шектейтін заңдарды жоюға шақырып, Ауғанстан, Иран, Тәжікстан, Молдова, Ресей сияқты елдердегі теріс тенденцияларға алаңдайтынын жеткізді.

БҰҰ-ның дін еркіндігі мәселелері жөніндегі арнайы баяндамашысы Ахмед Шахид 4 қарашада таратқан есепте "саяси маргинализация мен ұлтына қарай алалаумен астасып жатқан дискриминацияны жоя алмау күш қолдану, тіпті ауыр қылмыстардың көбеюіне түрткі болуы мүмкін" деп ескертеді.

Ол үкіметтерді "дін еркіндігі мен ар-ұждан бостандығын бұзатын барлық заңдардан бас тартып", дискриминацияны жоятын заңнама қабылдауға шақырған.

Ахмед Шахидтің айтуынша, қазір әлемнің 21 елінде "діннен безгені үшін" қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Олардың арасында "діннен бас тартуды" "өлім жазасымен" жазалайтын Ауғанстан мен Иран да бар.

Есепте сонымен бірге терроризм баптарын шағын діни топтарға қарсы пайдалану мәселесі де айтылады. Шахидтің сөзіне қарағанда, әлемнің кез келген аймағында-дерлік діни азшылықтар "террористік топтар" қатарына жатқызылып, "экстремизм" немесе "заңсыз жұмыс істеу" баптары бойынша қамалу қаупіне ұшырауы мүмкін.

Арнайы баяндамашы Қытайды аз топтарға оның ішінде ұйғыр, қазақ және Шыңжаңды мекендеп келе жатқан өзге де мұсылман топтарға қысым жасады деп сынады.

"Қытай миллионнан астам ұйғыр, қазақ және өзге де мұсылман топтарды күшпен ұстап, "эктремизммен күрес шараларын" желеу етіп "қайта тәрбиелеу" лагерьлеріне қамап, ұстауды ақтауға тырысады" делінген есепте.

Есепте сонымен бірге Қазақстан үкіметінің діни топтарды тіркелу үшін "бірнеше сатыдан тұратын күрделі процестен" өтуге мәжбүрлейтіні жазылған. 2011 жылы мемлекет 1400 діни ұйымды жапқан.

АҚШ-тың халықаралық дін бостандығы жөніндегі комиссиясы "дін еркіндігін бұзу" фактілеріне байланысты сәуір айында мемлекеттік департаментке Қазақстанды арнайы бақылаудағы елдер тізіміне енгізуге кеңес берген.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG