Accessibility links

Нұр-Сұлтанда оқушылар сарайы мен саябақ ашуды талап еткен тұрғындар наразылығы жалғасып жатыр


Нұр-Сұлтанда бірнеше тұрғын үй кешен тұрғындары ғимарат маңына көпқабатты үй емес - саябақ не оқушылар сарайы салынсын деп отыр. 4 қараша 2020 жыл.
Нұр-Сұлтанда бірнеше тұрғын үй кешен тұрғындары ғимарат маңына көпқабатты үй емес - саябақ не оқушылар сарайы салынсын деп отыр. 4 қараша 2020 жыл.

Нұр-Сұлтандағы "Сармат", "Инфинити", "Номад" тұрғын үйлері маңына көп қабатты үй емес - оқушылар сарайы мен саябақ салуды талап етіп жүрген бастамашыл топ 5 қарашада таңертең Есіл ауданы әкімдігіне барды. Бірақ бұл жолы да тұрғындардың мәселесі шешілген жоқ. Осыған дейін аудан әкімі мәселемен айналысуға уәде берген.

"Сармат", "Инфинити", "Номад" тұрғын үй кешені тұрғындарының сол маңайдағы ашық алаңқай үшін "күресі" ақпан айынан бері жалғасып келеді. Содан бері жеті мәрте жұма, сенбі күндері есік алдына жиналып, наразылық акциясын ұйымдастырғандар Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің өзімен кездесуге күш салған. Бірақ олардың наразылық акциясына қала әкімінің орнына үнемі орынбасары келіп, 900 орындық мектеп салуға уәде етіп келеді. Ал наразы тұрғындар "900 орындық мектепке аудандағы балалар сыймайды, сондықтан үлкенірек мектеп салынсын" деп отыр.

Бейсенбі, 5 қарашада да тұрғындар әкіммен кездесе алмай қайтты. Бір күн бұрын кешке қолдарына премьер-министр Асқар Мәмин, Қазақстандағы бала құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саин, қала әкімі Алтай Көлгінов, салынып жатқан құрылыс компаниясының басшысы Айдын Рахымбаевтың портерттерін ұстап, қолдарына орыс тілінде "Масқара" деген жазуы бар шарлар алып шыққан тұрғындар құрылысты тоқтатуды талап еткен еді.

- Саябақ пен оқушылар сарайын талап етіп жиналуымыз бірінші рет емес. Балаларымыз оқитын қасымыздағы №59 мектепте бала өте көп. Тек бірінші сыныптың өзі биыл 25 сыныптан тұрады. "Керей, Жәнібек хандар көшесінде №89 мектепті салып жеңілдеттік" дегенді айтады билік. Одан пайда жоқ, мәселен менің балам оқитын 7-сыныпта үш оқушы сонда кетіп еді, оның орнына төртеуі келді. Үкіметтің бізге назар аударуын сұраймыз, - дейді "Инфинити" кешені тұрғыны Екатерина Башлаева.

Оның сөзін қоштаған тағы бір тұрғын Мелиса Сәмиева да "не серуендейтін жер жоқ, не мектеп, балабақша жоқ, мектепте үйірмелерге орын жоқ, не үшін бірінің үстіне бірін тұрғын үй сала береді" деп ренжіді

Наразы топпен кездесуге келген Нұр Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтің сөзінше, қала әкімінің тапсырмасымен даулы алаңқайдағы құрылыс жобасына өзгерту енгізілген. Ол жерде тұрғын үйлермен қатар 900 орындық мектеп те салынатын болады.

- Оқушылар сарайы мәселесі де қарастырылған. Ол қаланың сол жақ бөлігіндегі "Жағалау" шағын ауданында болады, - деді Нұрлан Нұркенов.

Бірақ тұрғындар онымен келіспей "Масқара! Біз тұрғын үй салынуына қарсымыз!" деп айқайлады.

Наразы тұрғындар қала әкімдігін сотқа да берген. Ол мәселе бойынша алдын ала сот тыңдауы 4 қарашада өткен.

Қабанбай батыр - Сығанақ көшесі қиылысындағы бос тұрған даулы алаңдағы тұрғын үй құрылысын тұрғындар наразылығына қарамай BI Group құрылыс компаниясы салып жатыр. Олар қала әкімдігіне сілтеме жасап, барлық мәселе келісілгенін көлденең тартады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG