Беларусь тергеу комитеті Nexta телеграм-арнасының авторлары Степан Путило мен Роман Протасевичті "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деп айыптады. Бұл ақпаратты тергеу комитеті хабарламасына сүйенген Беларустың мемлекеттік агенттігі БелТА хабарлады.
Путило мен Протасевичке іздеу жарияланған. Оларға "билік өкілдері мен құқық қорғау орган қызметкерлеріне теріс пікір қалыптастырды" деп те айып тағылған.
Тергеу органдары президент сайлауынан кейін басталған жаппай наразылыққа байланысты қозғалған қылмыстық іс аясында блогерлерге айып тағып отыр.
Осыған дейін Nexta арнасы елде "экстремистік" деп танылған. Телеграм-арна сайлау қорытындысының бұрмаланғанына қарсы шыққан демонстранттар шеруінен үздіксіз хабар таратып, Лукашенко режиміне қатысты сыни ақпарат жариялап келеді.
Nexta Live арнасының шамамен 2 млн жазылушысы бар. Тамыз айында Беларуста наразылық акциясы басталғаннан кейін канал ерекше танымал бола бастаған.
"Нехта" сөзі беларусь тілінен аударғанда "әлдекім" деген мағынаны білдіреді. Арнаны 22 жастағы блогер Степан Путило ашқан. Қазір ол Варшавада тұрады. 2018 жылы Youtube-те ролик жариялап, "президенттің намысына тию" бабы бойынша қылмыстық қудалауға ұшыраған Путило елден кеткен еді.
Путило мен арнаның өзге де әкімшісі жайлы танымал видеоблогер Юрий Дудь сюжет жасаған. Ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальный бірнеше күн бұрын Nexta арнасының сұрақтарына жауап берген.
ПІКІРЛЕР