Accessibility links

"Тыйым салынған ұйымға қатысы бар" деп күдікке ілінген белсенді Рахымжанов қамауда қалды


Белсенді Ноян Рахымжанов. Желтоқсан айы, 2019 жыл.

Алматы қаласының апелляциялық соты тергеу изоляторында отырған белсенді Ноян Рахымжановты екі айға қамау туралы тергеу соты шығарған қаулыны өзгеріссіз қалдырды. Белсендінің қамаудан босату туралы өтініші қанағаттандырылмады. Бұл ақпаратты Азаттыққа адвокаты Жанар Балғабаева хабарлады. Рахымжанов "тыйым салынған ұйымға қатысы бар" (нақты жағдайда "Көше партиясы") және "экстремистік топ ісіне араласты" деген күдікке ілініп отыр.

Белсенді 29 қазанда ұсталып, Алматы қалалық полиция департаментінің уақытша қамау изоляторына қамалған еді. Оған дейін яғни, 21-29 қазан аралығында қорғауға құқығы бар куәгер болған.

Бұған дейін Алматы қалалық соты дәл сондай айып бойынша күдікке ілінген белсенділер Абай Бегімбетов, Асхат Жексебаев, Қайрат Қылышевті қамаудан босатудан бас тартқан болатын.

Рахымжанов биыл Бегімбетов, Жексебаев, Қайрат Қылышев және Қанат Жақыпов сияқты наразылықтан кейін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Биыл мамыр айында бас прокуратураның шағымы бойынша Нұр-Сұлтандағы Есіл аудандық соты "Көше партиясын" "экстремистік ұйым" деп таныған. Прокуратура "Көше партиясы" елде "экстремистік" деп танылып, қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына қатысы бар деп санайды.

ҚДТ қозғалысын шетелде тұратын экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған. 2018 жылы наурызда сот бұл қозғалысты "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал 2019 жылы Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

ҚДТ мен "Көше партиясын" экстремистік деп таныған сот шешімі жарияланған жоқ. Екі қозғалыстың жақтастары Қазақстанда жиі қуғындалады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG