Accessibility links

Байден Джорджияда алға шықты. Мүмкіндігі азайған Трамп дауыс есептеуді тоқтатуға күш салып жатыр


Демократ Джо Байден және республикашыл Дональд Трамп.
Демократ Джо Байден және республикашыл Дональд Трамп.

Бұрынғы вице-президент Джо Байден негізгі штаттардың бірі Джорджияда алға озды. Америка ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұл аймақта демократтар соңғы рет 1992 жылы Билл Клинтон сайлауға түскен кезде жеңген. Одан бері бұл штат толық "республикашыл" аймақ ретінде саналып келген еді.

Американың бірнеше ақпарат құралының жазуынша, Джорджия штатында Байден Трамптан 917 артық дауыс жинаған. Бірақ алдын ала нәтиже әлі толық жарияланған жоқ. Джорджияны жеңген кандидат сайлаушылар алқасының 16 дауысына ие болады. Ал онсыз Трамп жеңімпазға қажет 270 дауысты жинай алмайды дейді сарапшылар.

Джорджия - сайлау жеңімпазын анықтауда шешуші рөл атқаратын төрт негізгі штаттың бірі. Байден Невада мен Аризонада Трамптан сәл алда тұр. Ал Трамп Пенсильванияда басымдыққа ие.

Америкалықтар сайлау учаскесінің жабылғанына екі күн болса да, әлі жеңімпазы анықталмаған тартысты сайлаудың нәтижесін күте-күте шаршаған.

Байденге президент болу үшін Пенсильванияны жеңуі тиіс немесе үш штат: Джорджия, Невада және Аризонаның кемінде екеуінде басып озуы қажет. Ал Трампқа жеңіске жету үшін Пенсильвания, Джорджияны жеңіп, Невада мен Аризонаның кемінде біреуінде озуы керек.

Ақ үйді басқару мүмкіндігі азайып бара жатқан Трамп кейбір штаттарда дауыс дұрыс саналмағанын мәлімдегенмен оған дәлел келтірмеді. Оның штабы осыған дейін бірнеше штатта дауыс санауды тоқтатуды талап еткен. Мичиган мен Джорджия соты өтінішті растайтын айғақ табылмағандықтан штаб арызын кері қайтарған.

Трамп штабы 3 қарашада сайлау учаскелері жабылғаннан кейін түскен кез келген бюллетень есептелмесін деп отыр. Ал кейбір штаттарда бұған жергілікті заңмен рұқсат етілген. Тек бюллетень кемінде 3 қарашада жіберілген болуы тиіс.

5 қарашада Ақ үйдегі брифинг кезінде Дональд Трамп демократтарды “сайлауда дауыс ұрлауға тырысып жатыр” деп дәлелсіз тағы да айыптады.

Twitter және Facebook президенттің жиынынан тікелей эфирде хабар таратқан лайфстримдерге ескерту белгісін қойды.

Кейбір заңгерлер сотқа түсірілген арыз-өтініштер сайлаудың ақырғы қорытындысына әсер етпейді деп санайды.

Демократ Джо Байден америкалықтарды сайлау процесіне деген сенімін жоғалтпауға үндеп, өзінің жеңіп шығатынына сенімді екенін жеткізді.

Трамп айыптауынан кейін ол Twitter-де “Ешкім бізден демократияны тартып ала алмайды. Қазір де, ешқашан да. Көпті көрген Америка талай сынақты бастан кешірген және бұған жол беретіндей тәжірибесі де таяз емес” деп жазды.

Пенсильванияда жеңбеген күннің өзінде Аризона мен Невададағы жеңіс Байденге Ақ үйге жету үшін қажет 270 дауысты бере алады.

6 қараша күнгі мәлімет бойынша, Аризонада Байден сайлаушылардың - 50,1 пайыз, Трамп 48,5 пайыз қолдауына ие болған. Екі кандидат арасында дауыс айырмашылығы 47 052 құрайды. Бірнеше жүз мың дауыс әлі саналмаған.

Невадада Байден мен Трамп 11 438 дауыс айырмашылығымен келе жатыр (Байден алда келеді). Сайлау учаскесінің өкілдері дауыс санау демалыс күндеріне дейін созылуы мүмкін дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG