Accessibility links

Шорнақтағы жанжалға байланысты үш адам шартты жазаға кесілді


Түркістан облысы Шорнақ ауылына кіреберістегі блокпост. 23 шілде 2020 жыл.
Түркістан облысы Шорнақ ауылына кіреберістегі блокпост. 23 шілде 2020 жыл.

Түркістан облысы Кентау қалалық соты 2020 жылдың шілде айында қазақтар мен өзбектер тұратын Шорнақ ауылдық округі Қосмезгіл ауылында болған жанжалға қатысты үш адамға шартты жаза берді. Бұл туралы 6 қарашада Азаттыққа Кентау аудандық сотының судьясы Ақылбек Дәуренбеков айтты.

Судьяның айтуынша, іс екіге бөліп қаралған. Бірінші іс бойынша үкім қыркүйек айында шыққан. Бірінші істе айыпталушы Мәди Қордабай жауап берген. Ол Қылмыстық кодекстің "Билік өкіліне қарсы күш қолдану" (380-бап) бабымен кінәлі деп танылып, бір жарым жылға бас бостандығынан айырылған. Судья оған Қылмыстық кодекстің 63-бабы (түрме жазасын шартты жазаға ауыстыруды қарастыратын бап) қолданылып, жазасын шартты түрге ауыстырған.

Екінші үкім 28 қазанда шыққан. Онда тоғыз адамдың ісі сотқа жеткізілген. Екеуіне үкім шыққан, жетеуі жәбірленушілермен татуласуына байланысты ісі тоқтатылған. Қосмезгіл ауылының тұрғыны Ифтихор Жумадуллаевқа Қылмыстық кодекстің "Бұзақылық" (293-бап) бабымен үш жарым жылға, "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" (106-бап) бабымен алты жыл мерзімге жаза тағайындалған. Қатаң емес жазаны қатаң жазаға біріктіру арқылы ол түпкілікті 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған.

Судьяның сөзінше, Қылмыстық кодекстің 63-бабы қолданылып, Ифтихор Жумадуллаевтың алты жылға бас бостандығынан айыру жазасы шартты түрге ауыстырылған.

Ифтихор Жумадуллаевпен бірге оның туған ағасы Мадамин Жумадуллаев та "Бұзақылық" бабымен кінәлі деп танылып, үш жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл айыпталушыға да Қылмыстық кодекстің 63-бабы қолданылып, жазасы шартты түрге ауыстырылды.

Судьяның айтуынша, ағайынды Жумадуллаевтар тағылған айыпты мойындаған, сот шығындарын төлеген.

Қазақ жастары мен өзбек жастары арасындағы төбелеске қатысып, "Бұзақылық" (293-бап) және "Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру" (107-бап) бабымен айыпталған тағы алты адам, атап айтқанда Алмас Төлбасиев, Ералы Тұрсынхан, Мәди Ахмедияр, Орал Нұрдәулет, Мұсабек Мұрат, Дүйсебек Оразхан медиация тәртібімен жәбірленушілермен татуласқан.

21 шілде күні Шорнақ ауылдық округіне қарасты Қосмезгіл ауылында қазақ және өзбек жастарының арасында төбелес болып, арты дауға ұласқан. Төбелеске қазақ жігіті Алмас Төлбасиевтің өзбек жігіті Ифтихор Жумадуллаевтан сіріңке сұрауынан басталған. Төбелеске оннан аса адам қатысқаны айтылған. Төбелесті тоқтатуға тырысқан полицейдің таяқ жеп, киімі қан болғаны түсірілген видео әлеуметтік желіде тараған.

Билік оқиғаны "ұлтаралық сипаты жоқ, тұрмыстық жанжал" деп түсіндірген.

Бірнеше азамат жараланған, 80 адам ұсталған. Шорнақта не болды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:40 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG