Accessibility links

Оралда митингіге рұқсат ала алмаған белсенді әкімдік алдында пикет өткізді


Оралдық белсенді Бекболат Өтебаев пикет өткізіп тұрған сәт. 6 қараша 2020 жыл.
Оралдық белсенді Бекболат Өтебаев пикет өткізіп тұрған сәт. 6 қараша 2020 жыл.

Оралдық белсенді Бекболат Өтебаев жергілікті билік бейбіт митингіге рұқсат бермеген соң 6 қарашада қала әкімдігі алдына бір адамдық пикетке шықты. Ол биліктің митингіге рұқсат етпеуі заңсыз деп санайды.

Өтебаев әкімдік алдындағы орталық алаңда "Әлеуметтік әділеттікті талап етемін" деген жазуы бар плакат ұстап шықты. Ол қалалық ішкі саясат басқарамасының бейбіт шараға рұқсат бермегеніне наразы.

— [Биліктегілерге] жиналыс, залдарда жиын өткізуге болады екен, ал бізге ашық аспан астында жиналуға рұқсат жоқ. Бұл адам құқығын және Конституцияны бұзу деп ойлаймын, - деді ол.

Оның сөзінше, жергілікті белсенділер бірнеше рет бейбіт митинг өткізгісі келгенімен әкімдік рұқсат бермеген. Өтебаев бір адамдық пикет өткізуге рұқсат сұрамаған.

"Рұқсат сұрағаннан пайда жоқ, бәрібір рұқсат бермейді" дейді ол.

Акция басталған соң он минуттан кейін белсендіге бір топ адам келді. Олардың бір бөлігі оны телефон камерасына түсіре бастады, ал біреуі әкімдіктің ішкі саясаты бөлімінің қызметкерімін деп таныстырды. Ол белсендіге акция өткізу үшін рұқсат алу керегін, алаңнан кетуін сұрады.

- Плакатымды жинамаймын. Бір адамдық пикетті ескертусіз өткізуге құқығым бар, - деді белсенді.

Акция жарты сағатқа созылды. Кейін Өтебаев плакатын жинап, әкімдіктен митинг өткізуге тағы рұқсат сұрайтынын айтты.

Оралдық белсенділер екі айда төрт рет митинг өткізуге өтініш берген. Бірақ әкімдік барлық өтінішке рұқсат бермеді. Жергілікті билік алдымен өтініш дұрыс толтырылмады десе, қалғандарында елдің санитарлық дәрігерінің коронавирус шектеуіне қатысты шығарған қаулысын себеп еткен.

Қазақстанда биыл мамырда қабылданған "Бейбіт митинг туралы заңға" сай, жұрт митинг өткізгісі келсе жергілікті билікке ескертіп, мақұлдау күтуі тиіс.

Қазақстан билігі бейбіт жаңа заңнан кейін бейбіт митинг өткізу жеңілдейді дегенімен, құқық қорғаушылар елде наразылық шарасын өткізуге кедергі әлі сақталғанын айтады. Ал белсенділер бейбіт митинг жайлы алдын ала ескертіп, рұқсат сұраса да әкімдіктер түрлі сылтаумен мүмкіндік бермейді. Жаңа заңға сай бір адамдық пикетке рұқсат қажет емес. Бірақ іс жүзінде пикетке шыққандар да билік тарапынан қысымға ұшырайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG