Accessibility links

Байден коронавируспен күресетін топ жасақтай бастады. Трамп оның жеңісін әлі мойындаған жоқ


АҚШ-тағы президент сайлауында жеңген Джо Байден.
АҚШ-тағы президент сайлауында жеңген Джо Байден.

АҚШ-тағы президент сайлауында жеңіске жеткен Джо Байден 9 қарашада коронавирус індетімен күресумен айналысатын жұмыс тобының мүшелерін жариялайды. Кейбір ақпарат бойынша, оның құрамына 10-нан астам сарапшы кіреді. Байден сайлауалды науқан кезінде індетпен күресуге "бар күшін салатынын" айтқан.

7 қарашада сайлау жеңімпазы атанған Байден алғашқы мәлімдемесінде пандемиямен күреске айқын басымдық беретінін ашып айтқан еді.

Байден штабы жетекшісінің орынбасары "шаруаға бірден кірісеміз" деп мәлімдеді.

3 қараша күнгі президент сайлауы кезінде жүргізілген сауалнама қорытындысы көптеген сайлаушының Трамп әкімшілігінің пандемиямен күрес стратегиясына алаңдайтынын көрсеткен.

Сайлауалды кампаниясы кезінде Байден да Трамптың коронавируспен күрес тактикасын өткір сынаған. Соңғы аптада АҚШ-та індеттің өршігені байқалады.

Байденнің билік транзитіне арналған сайтындағы мәлімет бойынша, Байден командасы алдағы уақытта коронавирустан бөлек, экономиканы сауықтыру, нәсілдік теңдік, климаттың өзгеруі мәселесіне басымдық береді.

Ал қазіргі президент Дональд Трампты сайлауда жеңілгенін мойындап, Байденді жеңісімен құттықтауға итермелегендер саны көбейген. Бірақ әзірге Трамп алған бетінен қайтпады. Өткен аптада Трамптың сайлау штабы поштамен жіберілген бюллетендерді қабылдау және санау процедурасының заңдылығын тексеруді сұрап, бірнеше штаттағы федералдық сотқа арыз түсірген болатын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG