Accessibility links

Беларусьте наразылық акциясы кезінде 700-ден аса адам ұсталды


Арнайы жасақ сабаздары бейбіт шеруге келген ер адамды ұстап әкетіп барады. Минск, 8 қараша 2020 жыл.
Арнайы жасақ сабаздары бейбіт шеруге келген ер адамды ұстап әкетіп барады. Минск, 8 қараша 2020 жыл.

Жексенбі күні Минск мен Беларусьтің өзге қалаларында өткен наразылық акциясында 700-ден астам адам ұсталған. Бұл ақпаратты "Весна" құқық қорғау тобы хабарлады.

Беларусь журналистер қауымдастығының мәліметінше, ұсталғандар арасында "Комсомольская правда в Беларуси" газетінің фототілшісі Святослав Зоркий де бар. Акция кезінде өзге де танымал әртістер мен спортшылар полиция бөліміне жеткізілген.

Минскіде құқық қорғау орган қызметкерлері демонстранттардың жиналуына бөгет жасап, шеруге шыққандардың жолын жауып, таратуға тырысқан. Полиция қаладағы Машеров даңғылы, "Минск - қаһарман-қала" мемориал ескертіші мен қала орталығындағы Немига қаласында наразыларды ұстаған.

Видео: Жексенбілік акция кезінде полицияның наразыларды ұстауы (8 қараша 2020 жыл).

Қарсылық акциясына бірнеше мың адам келген. Жексенбілік акцияларға әдетте бұдан да көп адам жиналатын.

Бұған қоса, жексенбі күні кешке Минск мен өзге де бірқатар қалаларда "ынтымақ шеруі" өтіп, қалаға жақын жатқан аудан тұрғындары көшеге шыққан.

"Весна" құқық қорғау тобы 7 қарашада Беларусьте саяси көзқарасы үшін адамдарды қудалау жалғасып жатқанын хабарлады. Атап айтқанда, дәрігерлердің қарсылық акциясында 60-тан астам адам ұсталған.

Минск мен елдің өзге қалаларында наразылық акциясы 9 тамыздан бері жалғасып жатыр. Наразылар президент сайлауының нәтижесі бұрмаланды деп есептейді. Орталық сайлау комиссиясы Лукашенконы сайлаудың жеңімпазы деп атаған. Батыс елдері Лукашенконың жеңісін мойындамады, өткен аптада ЕҚЫҰ Минскіні елде халықаралық стандартқа сай қайта президент сайлауын өткізуге шақырған. Еуроодақ Лукашенко мен айналасындағы шенеуніктерге санкция салды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG